Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен Исхар Курбаев жеңімпаз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу облысының өкілі 55 келі салмақта финалда әзербайжандық Фарид Садихлимен сынға түсті. Белдесу барысында жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласынан 5:1 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Исхар алғашқы белдесуінде түрік Эмре Мутлудан, одан кейін түркімен Абдували Рахимбаевтан басым түсті. Ал жартылай финалда қырғыз Нуристон Суйоркуловты жеңді.
Сондай-ақ бүгін Аммандағы турнирде грек-рим күресінен Дінислам Сағитжан (63 келі) қола жүлде алды.