Қазақстанда Астана - Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші маусымы өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жоба 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында бастау алады. Осы шара қарсаңында - 5 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді. Ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.
Марафон 14 бөлікке (бірінші және соңғы күні 50 шақырымнан; қалған күндері 100 шақырымнан) бөлінген.
«Ұлы дала жорығы» марафонының мақсаты қарапайым. Бұл бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал ету. Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада және Австралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқорлығымен үнемі өткізіліп тұрады. Сондықтан біздің жобамыздың халықаралық деңгейде ауқымды оқиғаға айналуға барлық мүмкіндігі бар, - деп жазды Асхат Оралов.
Жобаның жүлде қоры - 65 млн теңге (демеушілердің есебінен). Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері - 20 млн теңге, қола жүлдегерлер - 15 млн теңге алады (Регламентке сай). Марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық судья және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды. «Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады. Жобаның басты серіктесі - «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры». Ақпараттық серіктес - «Қазақстан» РТРК.
Ұлттық ат спорты- мәдениетіміз бен болмысымыздың маңызды бөлігі. Министрлік ұлттық құндылықтарды дамыту және ілгерілету бойынша белсенді жұмыс ітеп жатыр. Олармен айналысатын адамдардың саны артып келеді. Елорда қонақтары мен тұрғындарын «Ұлы дала жорығы» ашылу салтанатына қатысуға және оған қатысушыларды қолдауға шақырамын», - деді министр сөз соңында.