Тбилиси орталығында полиция қызметкері бұрынғы әйелі мен енесін тапаншамен атып өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсамақ болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, аталған оқиғаға қатысты Арнайы тергеу қызметі басқармасының басшысы Бачана Кварацхелия мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, қайғылы оқиға Тбилисидегі Долидзе көшесінде түнгі уақытта болған. Жергілікті тұрғындар айыпталушының бұрынғы әйелі мен енесін тапаншадан атып өлтірген соң өзіне қол жұмсамақ болғанын жеткізген.
«Арнайы тергеу қызметі Грузия Қылмыстық кодексінің 109-бабы бойынша екі немесе одан да көп адамды қасақана өлтіру бойынша тергеуді бастады. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде. Қосымша ақпаратты кейінірек хабарлаймыз», - деді Кварацхелия.
Оның айтуынша, оқиғаға марқұм әйелдің кәмелетке толмаған екі баласы мен тағы бір адамның көзінше болған.