$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде киіктерді ату басталады

Нысанбаев «киік бұрыннан аңшылық жасайтын аңның түрі» екенін атап өтті.
Фото: © Экология министрлігі
Фото: © Экология министрлігі

Елімізде киік саны қалай реттелетіні белгілі болды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ведомство басшысы киік санын басқару жөніндегі биологиялық негіздемеде популяцияны реттеудің екі тәсілі ұсынылғанын жеткізді. Біріншісі – тор құру арқылы ұстап, етін ет өңдейтін зауыттарға жеткізу. Бұл әдіс күндіз жасалады. Екіншісі – түнде атып алу.

Бүгінде біз тормен ұстау тәсілін бастадық. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көп жауып, бұл тәсілді жүзеге асыру қиындық туғызды. Осыдан кейін біз биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді қолдануға шешім қабылдадық. Жалпы биологиялық негіздеме бойынша 337 мың бас киік реттелуі қажет. Қазір тор арқылы 91 бас киік ұсталса, екінші тәсілмен бар-жоғы 14 бас киік атып алынды, - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Нысанбаевтың сөзіне қарағанда, биылғы көктемгі төлді санамағанда киік саны 1 млн 950 мың басқа жеткен.

Жалпы киік – өсімтал мал. Келесі көктемде санақ өтеді, бірақ біз қазір ең төмен болжаммен алғанда, мысалы 30 пайызды алғанның өзінде тағы 600 мыңнан астам киік қосылып отыр. Яғни бүгінгі күні киік саны 2 млн 600 мыңның үстінде болады, - дейді ол.

Нысанбаев бүгінде киіктерден диқандарға 12 млрд теңге залал келгенін еске салды.

Біз бұрын киікті неге атқызбай келдік? Неге киік санын реттеу мәселесін қарастырған жоқпыз? Себебі ол уақытта киіктердің саны өте төмен болды. Ал қазір олардың саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Бүгінде киіктерден диқандарға 12 млрд теңге залал келгенін білесіздер. Сол себепті киік санын реттеу қажет, - деді ведомство басшысы.

Ол бұрын киікті кім реттегенін айтты.

Мысалы бұрын киікті кім реттейтін? Оны реттейтін қасқыр, жұт, ауру болатын. Ал қазір табиғатта ежелден келе жатқан мұндай реттеу тәсілдері жұмыс істемейді, - дейді Ерлан Нысанбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары