$ 443.44  480.51  4.88

Құтқарушылардың қажырлы еңбегі халық үшін қашанда бағалы

Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді.

Фото: ТЖМ
Фото: ТЖМ

Сенбінің таңы еліміз үшін әдеттегіден ауыр атты. 28-қазанға қараған түні Қарағанды облысына қарасты Костенко шахтасынан өрт шығып, бірнеше кеншінің өмірін жалмады. Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында жалынмен арпалысып, кеншілердің денесін іздеумен айналысқан құтқарушылар еңбегіне шолу жасап өтпек.

Жарылыс болған уақытта жер астында бас-аяғы 252 адам болса, оның 206-сы құтқарушылар көмегімен жердің бетіне шығарылып, қауіпсіз аймаққа көшірілді. Қалған кеншілерді өкінішке қарай эвакуациялау мүмкін болмады. Құтқарушылардың құзырында олардың мәйітін іздеп табу ғана қалды. Осылайша олар тәулік бойы үздіксіз іздеу жұмыстарын жүргізді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департамертінің Костенко атындағы шахтадағы авариялық-құтқару жұмыстарына "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының 55 адамы мен 12 техникасы жұмылдырылды. Олар екі өндіру учаскесі ауданы бойынша өз міндеттерін атқарды. Көміртегі тотығының рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткеніне қарамастан газ жағдайларын бақылап, сынамаларды алып, қаза тапқандарды шығару жұмыстарын тоқтатпады.

Тау-кен құтқару бөлімшелері барлық қажетті іс-шараны ауысыммен жасады. Олардың негізгі күштері опат болған кеншілердің мәйітін шығаруға шоғырландырылды. Оқиға болған жерде іздеу жұмыстарына кедергі келтіретін бірнеше фактор болды. Оның ішіне электр энергиясының жетіспеуі, атқару керек жұмыс ауқымының көптігі, істен шыққан механизмдер мен су басқан қазбаларға қолжетімділіктің болмауы кіреді. Қираған шахта жабдықтары мен жекелеген жерлерді үйінділердің басып қалуына қарамастан он бөлімшіге бөлінген тау-кен құтқарушылары апат болған күннің ертесіне 38 мәйітті алып шықты.

29-қазан күні өрт болған жерді тексеру үшін Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпхановтың өзі шахтаға түсті. Құтқарушыларға әрі қарай атқарылуы тиіс жұмыстар үлестіріліп берілді. Сондай-ақ құтқарушылардың өз міндеттерін толық атқара алуы үшін оларға барлық қажетті жабдық пен байланыс құралдары берілді. Құтқару қызметі көрсеткен үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 45 кеншінің мәйіті табылды. Апаттың өзі де салдары да ауыр болды. Әйтсе де салдарын жоюға ат салысқан құтқару қызметінің еңбегін айтып өтпесе болмайды. Костенка шахтасында қаншалықты ірі апат болса, құтқарушылардың төккен тері де соншалықты көп болды.

«Сіздердің жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы әрі зор жауапкершілікті талап етеді. Мемлекет пен қоғам сіздердің антқа адалдықтарыңызды, қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалайды», - деп Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы олардың от пен судың арасында жүріп атқаратын қауіпті қызметі қашанда бағаланып, дәріптелуі тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары