$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекітті

Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.

 

Фото: pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын бекітті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды.

Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту.

«Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға 1,5 трлн теңгеден астам қаражат көзделген. Бұл соманың көлемді бөлігі, яғни 1,3 трлн теңгеден астамы – бюджеттен тыс қаражат.

Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.

Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желілерін монтаждау жоспарланып отыр.

Жалпы шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы 400 мың үй шаруашылығына жылдамдығы жоғары интернет тартылатын болады.

Ұлттық жоба аясында республикалық және негізгі облыстық маңызы бар жолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу да жоспарлануда.

Атап айтқанда, 487 антенналық діңгек құрылымын орнату жоспарлануда.

Бұл мобильді интернетпен 17 мың шақырым жолды қамтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір назар аударатын мәселе 5G желісін одан әрі енгізу.

Бүгінгі таңда 605 базалық станция орнатылды.

2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын барлық республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында енгізу жоспарлануда.

Бұл жұмыс аясында байланыс операторларының инвестициясы шамамен 300 млрд теңгені құрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары