$ 443.35  475.54  4.82

«Әйелді ұруға болады»: Ниса сүресінің интерпретациясы қандай?

Егер әйелдердің бойұсынбауынан қорықсаңдар, оларға түсіндіріңдер және төсекте елеусіз қалдырыңдар. Ал сонда да түсінбесе ұрыңдар!!!

Фото: abai.kz
Фото: abai.kz

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – қазақ қоғамында, әсіресе қазақ баспасөзінде қазір жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі. Олай болуы да заңдылық шығар. Өйткені жуырда Жоржтаун әйелдер институты (Georgetown Institute for Women, Peace and Security) Норвегия Сыртқы істер министрлігімен біріге отырып, «Бейбітшілік және әйелдер қауіпсіздігі индексі» есебін жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аталған есепке сай, Қазақстан рейтингте 177 елдің ішінде 70-орында тұр. Зерттеушілер әлемдегі жалпы әйелдер жағдайын құқық, қауіпсіздік, инклюзия секілді категориялар бойынша бағалаған.

Сонымен қатар рейтингте бірінші орында Дания, Швейцария, Швеция секілді мемлекеттер тұрса, соңғы орынға Йемен мен Ауғанстан мемлекеттері жайғасқан. Яғни, ресми дерек нәтижесі көрсеткендей, дамыған елдерде әйелдер қауіпсіздігі – жоғары деңгейде. Ал бұған дейін Қазақстан аталған рейтингте 2021-2022 жылдары 59-орында тұрса, қазір одан біраз саты төмендеген.

Соңғы кездері еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел өлімі жиі болатын жағдайларды (жуырда ғана болған «әйелін өлтірді» деген күдікпен ұсталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың оқиғасын еске түсіріңіз) кейбір қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық санамен әрі соған ықпал етуші діни уағызбен байланыстырады. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Тұрар Құсайын бұл туралы:

Ниса сүресінің 34-аятында: «Еркектер әйелдерді билеуші, өйткені Алла, еркектерді әйелдерден артық қылды. Және еркектер әйелдерге өз дүние-мүлкінен пайдалануға береді. Ал жақсы әйелдер – бойұсынушылар және Алла Тағала қорғауға бұйырған ұятты жерлерін (абыройын) қорғаушылар. Егер әйелдердің бойұсынбауынан қорықсаңдар, оларға түсіндіріңдер және төсекте елеусіз қалдырыңдар. Ал сонда да түсінбесе ұрыңдар!!!, – делінген.

Қазақ қоғамы жоғарыда келтірілген Құран аятындағы әйелді еркектен төмен санайтын діни идеологиядан түбегейлі арылмайынша, Қуандық Бишімбаев сияқты патриархалды санадағы абьюзер-тирандар қазақ әйелдерін өлтіре береді, – дейді.

Ал бұған қатысты дінтанушы, дінтану магистрі Ғайнижамал Наурыз:

«Әйелді ұруға қатысты мысалға келтірілген "Ниса" сүресінің аятын отбасылық өмірдің инструкциясы деп қабылдау – көкжиектің таяздығы.

Біріншіден, дін – өмірдің әртүрлі сферасын қамтитын институт. Діни нормалар – адамның жүріс-тұрысын реттейтін құрал. Ислам үшін діни нормалар көлемін Шариғат қамтиды. Жоғарыда келтірілген аяттың толықтырмасын хадистерден іздесек те, ондағы араб сөздерін аударудағы қиындықты байқау керек. Тікелей аударманы қолданып, зорлықты дәріптеу  біздің қоғамдағы онсыз да әлсіз отбасылық институтты күйрететіні анық.

Екіншіден, аталған аяттың, жалпы Құранның идеясы өзекті болған VII ғасырдағы әлеуметтік атмосфераға көз жүгірту керек. Ол кездегі әйелдің рөлін бүгінмен салыстырған күннің өзінде, Пайғамбар кезіндегі отбасындағы ер кісілерге қаржылық тәуелділікті де қазір байқай алмаймыз. Қазақстанның еңбек нарығында экономикалық белсенді халықтың 48,5% әйелдер құрайтын уақытта «әйелдеріңе үстемдік етесіңдер, тыңдамаса ұрыңдар» деген ойды насихаттау – ақымақтық.

Үшіншіден, уағыз тыңдаушы жамағаттың осындай тақырыптарға аса қызығушылық білдіруі, сұраныстың болуы – еліміздегі ерлердің маскулиндігінің дағдарысы деп қабылдаймын. Біздің қоғамның мәдени қалыптасуында Ислам дінінің рөлі ғасырлармен өлшенсе де, қазіргі кезде қайта «неофит» қалпына түскендейміз. Дінге жаңа бет бұрғандай, оны өміріміздің әрбір бөлшегіне кірістіргіміз келеді, әр ісімізге діни негіз іздеуге тырысатынымыз байқалады. Әйелді ұруға қатысты тақырыпта да әйелдердің қоғамды дамытудағы потенциалының үлкен екеніне ерлер қарсылық білдіретіндей ой қалыптасады. Қазіргі отбасы құратын жастағы ер азаматтар, олардың ішінде өздерін діндар санайтындар әлеуметтік желіде көрген араб мұсылмандығының отбасылық институтымен салыстыру жүргізетін көрінеді. Мысалы, көп әйел алу тақырыбы да көп айтылып жүргені осыдан болар.

Жалпы айтқанда, адамға зорлық көрсетуді, оның ішінде әйелге қол көтеруді ешбір діни доктрина насихаттаған емес. Айтылып жүрген аяттарды сол күйі халыққа жеткізу: көзі ашық жастардың арасында исламофобияның өршуіне алып келеді. Діни басқарма мұндай тақырыптарды жеткізуде уақыт талабын ескеруі қажет», –  дейді.

Дереккөз: aikyn.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары