$ 494.87  520.65  4.91

Құнанбай Қодар мен Қамқаны жерді тартып алу үшін өлтірткен бе?

Бірақ та тарихи материалды сыни тұрғыдан тереңдеп зерттей келе, мен оқиғаның нақты шындығына көзім жетті.

 

Фотоs: abaialemi.kz
Фотоs: abaialemi.kz

Құнанбай Қодар мен Қамқаны қыстау үшін өлімге қиып, жазықсыз дарға асты ма? Жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Қодар мен Қамқа трагеядиясына талдау жасап, екеуінің өліміне қатысты бірнеше деректер мен себептерді келтірген. Тұрсын Жұртбайдың «Жүректің басына төгілген қан» атты шығармасына үңілсек, Құнанбайдың Қодарды өлтіртуіне өсектен басқа да нәрсе түрткі болғанын аңғару қиын емес, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Абай жолындағы» көшпелілердің тіршілік коллизиясы Қодар-Қамқа қасіретінен басталады. Ол өзі өмірде шын болған күнәһарлардың қазасы ма? Жоқ, Мұхтардың қиялдан тудырған хикаясы ма? Бұл арада Мұхтар өмірлік шындықтан көрі дәуір шындығына жүгінген. Ол шындық - көркемдік идеяны да өзіне бағындырып, жазушыны дегеніне көндірген. Дм. Лихачев меңзеген «Өмірдің өзіне қарсы шығатын көркемдік стиль» осы.

Егер де дәуірлік қайыршылықты о баста коллизиялық түңілдіру дәрежесіне дейін асқындыра ширатпаса, онда бұл шығарма, қашан кейіпкердің көзқарасы қалыптасқанша тұрмыстық, тарихи-этнографиялық желіде дамыр еді. Сол мұратты саналы түрде ұстанғанын Мұхтар Әуезовтің өзі: «Бұл ретте менің Абайды оқудан қайтқан беттегі он үш жасар кезінен бастап алуымда үлкен себеп бар: оның дүние тануындағы, адамдық, ақындық қалыптасуындағы өзгерістерді көрсетпек едім. Үлкен жүректің өршіл таланттың тұлғасын суреттеп беру үшін бұл жай өте керек. Абай аулына келе жатқан бетте оның көзіне іліккеннін, бәрі: дала желі де, даланың жусан шөбі де, оның жұпар иісі де бала жанын өзгеше жылылыққа бөлеп, бұл даланы өзінше ұғынып, сүйіп келе жатады. Міне, жас баланың осындай кінәсіз, тек жақсылыққа ғана бейім адал да ашық жанын алғашқы көрген сұмдық көрінісі – Қодардың қолдан өлтірілуі қатты түршіктіреді. Оның жан дүниесіндегі бір-біріне қарама-қарсы екі сезім – жақсылық пен жауыздықтан туған сезімдер, туған даласына махаббат, сол туған далада болып жатқан сұмдықтан жирену оны шытырманға салады. Осы сәт, менің ойымша, оның өміріндегі үлкен бет бұрыс болып та­былды. Ол бұрын Құнанбайды әке десе, енді сол әкенің қолындағы қанды көргенде не дерге білмей дағдарады» (3.12.112), – деп растайды. Әлеуметтік қайшылықтың астары дәл табылып, дұрыс творчестволық арнаға түсуі – бүкіл эпопея тағдырын анықтап берді. Абай ағысқа қарсы жүзді. Әлеуметтік желі тартылды. Ал көркемдік тұрғыдан алғанда бұл нанымды желеу ме? Жоқ. Таза таным тартысына құрылса, онда жалаң тарихи трактат дәрежесінде қалар еді. Көркем шығарма белгілі мөлшерде әрбір оқиға, қоғамдық құрылысқа деген көзқарастардың тоғысын білдіргенімен де, онда адамның жан дүниесін шарпитын, өзегін өртейтін өзгеше психологиялық қопарғыш керек. Міне, Қодар-Қамқа трагедиясы сол жарылғыш заттың да міндетін атқарды, – деп жазған Тұрсын Жұртбай  «Жүректің басына төгілген қан» атты шығармасында.

Қодар мен Қамқа оқиғасына тағы бір мысал.

Қодар мен Қамқаны қыстау үшін өлімге қиып, жазықсыз дарға асты ма Құнанбай? Ол өсекті қоздырған кім? Біз көркем шығармадағы образдар жүйесін талдап жатпаймыз. Тек дәйектеме болатын жайды салыстырумен тоқталамыз. Мақсатымыз сыни саралау емес, белгілі оқиғаны неге өзгертіп пайдаланды, жазылу барысында Мұхтар қандай күй кешті, нендей дерекке жүгінді, соны аңғарту. Тек, 1959 жылы, өлеріне екі-ақ жыл қалғанда, Мұхтар Әуезов (ред.) «Абай» эпопеясының тағдыры бүтіндей шешіліп біткен кезде «Вопросы литературы» журналы арқылы бар сырын ашты. Мұхтар Қодар-Қамқа оқиғасы туралы ілгерінді-кейінді айтылмаған тосын тұжырым ұсынды, – дей келе абайтанушы Тұрсын Жұртбай Әуезовтың өз жазбасына сілтеме жасаған.

«Романмен жұмыс істеу барысындағы кезеңдерге ойша оралатын болсам, мен ең алдымен Қодардың дарға асылатын көрінісін көз алдыма елестетемін – ол, менің ойымша, кітаптағы негізгі тартыстың көңіл-күйін анықтайтын кілті ретінде қызмет етуі тиіс болатын. Әуелгіде мен бұл көріністі кеңінен тараған, әсіресе, Құнанбайдың ауылы мен туысқандарының арасында айтылатын нұсқасы бойынша баяндауды мақсұт тұттым, онда Қодар әділ жазаға тартылған. Бірақ та тарихи материалды сыни тұрғыдан тереңдеп зерттей келе, мен оқиғаның нақты шындығына көзім жетті: Қодармен, оның туыстарына қарасты жерді өзі алу үшін істеген кәнігі айла-шарғысы еді. Бұл дерек маған Құнанбайдың бет-бейнесі арқылы көптеген жаңа тұжырымдарды пайымдатып, дарға асу кезіндегі көріністің бұрынғыдан да терең психологиялық жағынан шиеленіскен, батыл суреттеуіме жол ашты» (3.12.113) деп Мұхтар өзінің шындықтан көрі көркемдік – әлеуметтік себепке жүгінгенін мойындайды», – деп жазды Т.Жұртбай.

Жазушының сипаттауынша, Қодар-Қамқа оқиғасы– бүкіл романның құлақ күйі-тін. Осынау жоқтау мен қарғысқа толы үн кейіпкерді де, жазушыны да адастырмайтын. Әрине Құнанбайға обал. Бірақ оның өмір бойғы қимыл-харакетінің тұжырымы осы еді. Бұл бір жағынан, феодалдық дәуірдің де үкімі. Екінші жағынан көшпелілер әлемінің қатал күштің алдындағы шарасыздығын, оған төнген қауып-қатердің әлдебір үмітсіз елесін емексітеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары