Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстанда Ресей азаматына қаржы пирамидасын құрды деген айып тағылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Т. есімді Ресей азаматына қатысты аса ірі мөлшерде ақша тарта отырып, қаржылық пирамиданы құрып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінді (Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы).
Сотталушы Т. Ресей Федерациясының азаматы Д.-ның Thefiniko компаниясын құрғанын біліп, адамдар тобымен алдын ала сөз байласып, оған қосылуға және компания атынан әрекет жасауға шешім қабылдаған. Өзінің қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру мақсатында әрекеттерінің заңсыздыңын және құқыққа қарсы келетінін ұғына отырып, ақпараттық механизмді іске қосып, әлеуметтік желілер арқылы өзіне жақын адамдар арасынан компанияға салымшыларды тартуға бағытталған әрекетін жүзеге асырған.
Т. Қазақстан аумағында Thefiniko компаниясының тұрақты табыс алатынына, яғни халықпен жұмыс істеу тәжірибесі бар екеніне көз жеткізіп, компанияның құрылымдық бөлімшесін басқаруға шешім қабылдаған. Ол компанияға 19 жәбірленушіні тартып, оларға 108 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген. Тергеу сатысында айыпталушы 93 млн теңге залалдың орнын толтырған (өтелмеген залал сомасы – шамамен 15 млн теңге). Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, экономикалық сараптама және маман қорытындысымен, фото және бейнематериалдармен толық дәлелденген, – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ прокурор сотталушыны 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады. Бірақ сотталушы әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты өзін ақтауды сұрады. Бір жәбірленушіден басқа 18 жәбірленушінің бәрі келтірілген залалдың өтелуіне байланысты сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты болмайтын жаза түрін таңдауды сұрады.
Сот үкімімен Т. кінәлі деп танылып, ол қаржылық, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, – делінген Атырау облыстық сотының хабарламасында.
Сонымен қатар судья оның зейнеткерлік жасын әрі келтірілген залал ішінара өтелгенін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жазаны шартты түрде тағайындаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.