$ 443.37  474.49  4.83

Бүгін – Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні

Ол қазақтың ұлы ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, күйші.

Фото: zhumeken.kz
Фото: zhumeken.kz

28 қараша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы, көрнекті ақын, аудармашы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденов дүниеге келген күн, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақтың біртуар ақыны Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысының Құрманғазы ауданы Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде өмір есігін ашқан. 1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Бір жылдан кейін жылдары Қарағандыдағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып еңбек етіп, кейін Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде домбырадан дәріс алды. 1959-1965 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, 1965-1966 жылдары «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған.

Жұмекен Сабырұлы 1971-1973 жылы Мәскеудегі М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсының түлегі. 1974-78 жылдары Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-83 жылдар аралығында «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ақынның алғашқы өлеңдері «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланған. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның «Сыбызғы сыры» (1962), «Өз көзіммен» (1964), «Жоқ, ұмытуға болмайды!» (1965), «Жарық пен жылу» (1966), «Күй кітабы» (1967), «Мезгіл әуендері» (1968), «Ұлым, саған айтам» (1970), «Қызғалдақ жайлы баллада» (1971), «Мен туған күн» (1972), «Жеті бояу» (1979), «Шуақ» (1980), «Ашық аспан» (1981), «Темірқазық» (1982), «Қыран-қия» (1984), «Менің топырағым» (1985), «Ұрпағым, саған айтам» (1988), «Мен - тамырмын» (2001), «Қасірет пен қайсарлық» (2001), «Жаңғырық» (2003) атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. Ақын 1963 жылы Москвада өткен Жас жазушылардың IV конференциясына делегат болып қатысты. 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.

Ақын 1983 жылы өмірден өтті. Жұмекен Нәжімеденов - 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі. 2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты жыр жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (қайтыс болғаннан кейін) берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары