$ 494.87  520.65  4.91

ТЖ министрі: Бұл хостелдің бар екенін әкімдік те, ТЖД да білген жоқ

Жертөледе болғандардың қашып шығуға мүмкіндігі аз болды, біздің өрт сөндірушілерге де сол кедергі келтірді. 

Фото: ТЖМ ресми сайты
Фото: ТЖМ ресми сайты

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыда өткен брифингте хостелдегі өртті сөндіру барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жертөледе орналасқан хостелдің барын мемлекеттік органдар, тіпті, қалалық ТЖД білмеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сырым Шәріпхановтың сөзінше, өрт жертөленің тар дәлізінен шыққан.

Бұл ғимараттың жертөлесі мен бірінші қабаты хостелге айналдырылған. Жертөледе бір-бірінің үстіне жиналған көп ортопедиялық матрас тұрған. Өртті сөндіруді сол қиындатты. Расында да жертөледе болғандардың қашып шығуға мүмкіндігі аз болды, біздің өрт сөндірушілерге де сол кедергі келтірді. Матрастар бықсып жанып жатқан. Құтқарушылар келгенге дейін түтін жиналып қалған. Олар қысқа мерзімде өртті оқшаулап, толық сөндірді, – деді ТЖ министрі.

Шәріпханов аталған хостел бір жарым ай бұрын ғана еш рұқсатсыз хостелге айналдырылғанын айтты.

Құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес, жертөлелерде хостел, жатақхана, қонақ үй ашуға қатаң тыйым салынады. Осыған қарамастан жалға беруші – «Халық банк» бұғатталған үй-жайды жалға алушының мұқтаждығына берген. Осыған байланысты үкіметтік комиссия құрылды, оның құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Қажетті жұмыстар жүргізілетін болады. Қазір осы комиссияның құрамына кіретін барлық лауазымды тұлға өрттің себебін, кінәлілерді, өртке жауапты қызметкерлерді анықтау жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар аясында жан-жақты жұмыстар жүргізіліп, идеологиялық тұрғыдан соңына жеткізіледі, осы оқиғаға кінәлі адамдар жауапқа тартылады, – деді С.Шәріпханов.

Оның сөзінше, өртенген хостелді ешкім тексермеген. Себебі оның барын ешбір мемлекеттік орган білмеген.

Бұл хостелде тұратын студенттер оқу орындарына баспанаға мұқтаж екенін айтқан жоқ. Олар университет әкімшілігіне жатақханаға мұқтаж екенін және осы хостелге орналасатындарын хабардар етпеген, яғни әкімдікте де, басқа мемлекеттік органдар да оның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті де бұл хостелдің бар екені туралы білмеген, – деді министр.

Тіпті Төтенше жағдайлар министрі мұны құзырлы органдар шағын кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мүмкіндігі жоқ екендігін мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары