«Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ, жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа» дейтін.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы туралы келіні Зейнеп Ахметованың естеліктері ел жадында жатталып қалды. Осы ретте Skifnews.kz ақпарат порталы жазушының атасы жайлы естеліктерін шолып шықты.
Ата: «Балам, ұлттық құндылықтарды, ұлттың қадір-қасиетін мен саған айтам, сен балаңа айтасың. Ол өзінің баласына айтады. Сөйтіп, бір әулетте қазақтың қадір-қасиеті сақталады», – дейтін.
Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Алдыңда қазулы көр тұрса да шындықты айтқын. Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ, жағымпазданба. Жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа. Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың, халықтың алдында басыңды иіп жүр», – дейтін. Сол өсиетпен шамам келгенше ел-жұрттың алдында басымды иіп, үйде отырып-ақ, қазаққа, халыққа қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігімді тигізіп, ұлттық рухтың өзегінен жастарға нәр беріп, солар білсе екен деп жүрмін.
Былай қарағанда, кімге кім келін болмай жатыр. Небір атақты адамдардың келіндері бар. Бірақ, оларды ешкім де білмейді. Мені біледі. Көшеде кетіп бара жатсам таниды, суретке түседі. Соның бәрі менің ерекшелігім дейсіздер ме? Оның барлығы атаның биік рухы, қасиетті әруағы. Біраз жыл болса да, сол кісінің қолына су құйып беріп, шайын қайнатып, үлгі-өнегесін тыңдағанымның арқасы, сол кісінің сөздерін жастарға жеткізуге тырысқаным үшін ғана мені халық танып, біліп жатыр. Олай болса, бұл үлкен жауапкершілік... Аманат арқалаған адаммын дейтінім сол.
Назым Сапар