$ 443.35  475.54  4.82

Президент «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарын табыстау рәсіміне қатысты

Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. 

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысы салтанатты шарада үздік тауар өндірушілерді құттықтады. Сонымен қатар елімізде бизнес саласы қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты.

Баршаңызды «Алтын сапа», «Парыз», «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының өз мәресіне жетуімен құттықтаймын! Біз жыл сайын осы салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге құрмет көрсетеміз. Бұл – талай жылдан бері жақсы дәстүрге айналған маңызды іс-шара. Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз, – деді Тоқаев.

Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібі саласындағы оң өзгерістерді және үкіметке ұлттық экономика көлемін екі есе арттыруды тапсырғанын тағы еске салды.

Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Өңдеу кәсіпорындарын дамытуға барынша жағдай жасалды. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке түсетін салық 5 есе артты. Осылайша, бизнес өкілдері мемлекеттің сенімді серіктесіне айналды. Біз биыл жаңа экономикалық үлгіге көше бастадық. Ең алдымен, экономикамызда әділдік болуға тиіс. Сондықтан бірқатар маңызды мәселеге назар аудару қажет.

Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады.

Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді. Оған шешімдер қабылдауға құзырет беру аса маңызды. Оны мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар міндетті түрде орындауы керек. Мұндай шаралар еліміздегі инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етуді көздейді. Бұл жұмыс Инвестициялық штабтың барлық мүшесіне жеке-жеке жауапкершілік жүктейді. Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Қолға алынған істің нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс.

Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмама сәйкес, өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылады. Бұрын-соңды мұндай жүйелі шаралар болмаған әрі оның шешуші сипаты бар. Әйтпесе, инвестиция үшін өте жоғары халықаралық бәсекелестік қалыптасып тұрған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізу қиынға соғады, – деді мемлекет басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары