Оның ішінде мектеп салуға шамамен 200-300 млрд теңге жіберілді.
Ұлттық экономика министрлігінен Қазақстанға қайтарылған активтердің қайда жұмсалып жатқаны айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мен активтерді қайтару комиссиясына енді мүше болып жатырмын. Сондықтан қазір толық ақпарат жоқ, - дейді Премьер-Министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Одан әрі Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов сөз алды, деп жазады kaz.inform.kz.
Активтерді қайтару бойынша Қаржы министрлігінің жанынан жеке қор құрылды. Бүгінде 1 трлн теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Ол жерде тек ақшалай емес, активтер де бар. Сондықтан біз ол активтерді нарыққа шығаруымыз керек. Одан келген қаржыны еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге жіберетін боламыз. Бүгінгі күнге біз бар ақпаратқа сәйкес, қаражат ауруханалар мен мектептер салуға жұмсалып жатыр. Оның ішінде мектеп салуға шамамен 200-300 млрд теңге жіберілді, - деді министрдің орынбасары.