$ 441.66  475.14  4.86

«Толайғайдай» өсетін тарифтер: Ұялы байланыс операторлары қашанғы тайраңдайды?

Ал азаматтар қолданып жүрген нөмеріндегі тариф бағасы қымбаттап кетсе, оған көңілі толмаса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне (БҚДА) жүгінсе болады.

Фото: pixabay
Фото: pixabay

Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының тариф бағасы ертегідегі Толағайдай өседі. Тариф бағасының қымбаттайтыны туралы операторлар клиенттеріне тіпті ескертпейді. Ал азаматтар келесі төлем кезінде қолданып жүрген нөмеріндегі тарифтің қымбаттап кеткенін бір-ақ біледі. Түптеп келгенде, мұның бәрі тұтынушылардың қалтасын қағып, жүйкесіне салмақ түсіретіне анық. Бұл ретте, «Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының тарифтерін кім реттейді? Қолданыстағы заңнама бойынша ұялы байланыс операторларының бағалары мен тарифтері қалай реттеледі?» деген заңды сауал туындайды. Бұл сұрақтардың жауабын Skifnews.kz ақпарат порталы іздестіріп көрді.

Сонымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинның айтуынша, елімізде операторлар тарифтік саясатты өз бетінше жүргізіп жатыр. Тіпті оларға әй, дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ секілді. Қаласа, ешкімге ескертпестен тариф бағасын көтере салады-мыс.

Министрдің сөзіне сенсек, тариф бойынша  ереже заң нормаларымен бекітілген.

Фото: www.facebook.com/BagdatMussin парақшасынан алынды

 Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бәсекелестікті дамыту мақсатында 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап байланыс қызметтеріне тарифтерді мемлекеттік реттеу жойылды. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 116-бабының 1-тармағына, сондай-ақ «байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабына сәйкес тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды. Қазір әлеуметтік желілерде тарифтік жоспар өзгерген кезде абоненттің келісімін жою туралы Цифрлық даму министрінің бұйрығының нормасы белсенді талқылануда, – деді Мусин мырза.

Осы орайда, ескеретін бір жайт бар. 2023 жылы министрлік абоненттің келісімі туралы норманы өзгерту туралы шешім қабылдаған. Тарифті ұлғайту кезінде абоненттің келісімі туралы бастаманы министр алғаш рет 2021 жылы ұсынған және дәл осы жылы жылы «ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарлардың шарттарын абоненттің келісімімен ғана қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату жолымен өзгертетіні туралы» қолданыстағы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Бірақ өзгерістерді енгізуде неге ұялы байланыс оператын тұтынушылардың неге келісімін алмайды?

Іс жүзінде тарифтік жоспарлардың шарттары өзгерген кезде абоненттердің келісімін алу тиімді болмағанын түсіндік. Яғни, шын мәнінде, азамат SIM картаны алған кезде жария офертаға қол қояды. Сондай-ақ, абонент оператор енгізетін өзгерістермен келіспеу туралы өтініш жіберген кезде ұялы байланыс операторы келіспеген жағдайда абонент басқа тарифтік жоспарға ауысуға не басқа оператордың желісіне өтуіне құқылы екендігі туралы хабарлама жіберетін жағдайлар болды. Яғни, бұл норма операторларға тарифтердің бағасын басқа жолмен көтеруге мүмкіндік берді. Осыған байланысты, ұялы байланыс операторларының аталған әрекеттері абоненттердің тарифтік жоспарлар құнының өзгеруіне, қызметтердің тарифтік жоспарына енгізілген көлемнің өзгеруіне (ГБ, минуттардың ұлғаюы және т.б.) және бұл қоғамның жаппай әлеуметтік наразылығы тудырды. Статистиканы мысалға келтірейін, 2021 жылдың соңы мен 2023 жылдың маусымы аралығында ЦДИАӨМ 500-ден астам шағым қаралды. Біз бұйрық нормаларының тиімді болғанын қаладық. Сондықтан Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп 2023 жылғы 31 Наурызда тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заң нормасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді: бұйрықтың 57-тармағының 11) тармақшасына сәйкес жаңа тарифті қолданысқа енгізілгенге дейін қысқа мәтіндік хабарламаларды күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей жаппай тарату жолымен тарифті өзгертеді;  57-тармағының 26) тармақшасына сәйкес оператор талап етілмеген, яғни осы тарифтік жоспарда абоненттер болмаған кезде тарифтік жоспарды жояды, – деді министр.

Тағы бір маңызды мәселе, абоненттерден тарифтік жоспарлардың өзгеруіне шағымдар түскен кезде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларын жауапкершілікке тарта отырып, тарифтік жоспарлардың өзгеруі кезінде шығындардың негізділігі қаншалықты дұрыстығына көз жеткізу үшін тексерулер жүргізеді.

Фото: pixabay

Ал азаматтар қолданып жүрген нөмеріндегі тариф бағасы қымбаттап кетсе, оған көңілі толмаса, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне (БҚДА) жүгінсе болады. Тұтынушылардың арыз-шағымы негізге ала отырып, Агенттік тарифтер бағасының көтерілуінің заңдылығына тексеру жүргізеді және қажет деп тапса, айыппұл салуға құқылы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары