Цифрлық теңге кезең-кезеңімен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. Биыл цифрлы теңге бөлшек айналымға кірді.
2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырып шықты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, цифрлы теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Қолма-қол ақша секілді, цифрлы теңге де ҰБ міндеттемесі болып саналады. Сәйкесінше, цифрлық теңге төлем құралы, құн өлшемі және айналым құралы қызметін атқарады.
«Қанатқақты жоба аясында клиенттердің цифрлы шоттары арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу функционалы қарастырылған. Сонымен қатар банктер халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп қанатқақты цифрлы карталар шығарды. Бұл карталарды қолдана отырып, пайдаланушылар банктердің төлем инфрақұрылымы аясында жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режімде цифрлы теңге транзакцияларын жүргізе алады. Банктермен және Алматы қаласының әкімдігімен бірге «цифрлы ваучерді» пайдалану сервисі де іске қосылды. Бұл мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын оңтайландыруға мүмкіндік береді», дейді Шолпанқұлов.
ҰБ өкілінің сөзінше, цифрлық теңге – цифрлық инновациялық экономиканың заманауи сұранысына жауап беретін төлемнің жаңа құралы. Тиісінше ол POS-терминалдар, QR-код, банктердің мобильді қосымшасы, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қолжетімді болады.
«Осының арқасында төлем тізбегіндегі бірқатар үдерісті автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға жол ашылды. Сондай-ақ цифрлы теңге офлайн режімде транзакциялар тізбегін жүргізу мүмкіндігі арқасында интернет шектелген жерде де қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолжетімді етеді», деп түсіндірді.
2024 жылы жоба жаңа қатысушыларды қосу және сервистерді көбейту арқылы кеңейе түспек.
«Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифрлы теңгедегі транзакцияларды жүзеге асыру функционалын іске асыру, трансшекаралық төлемдерді оңтайландыру, цифрлы активтер бойынша есеп айырысудың сенімді тетіктерін құру және басқа да инновациялар. Осы бағыттар бойынша дайындық жұмыстары мен алдын ала зерттеулер қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Мысалы, «SWIFT» сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта трансшекаралық төлемдердің мүмкіндігі туралы зерттеу жүргізілуде. Биыл Халықаралық есеп айырысу банкінің mBridge бастамасына бақылаушы мемлекет ретінде қосылдық. Жоспар бойынша, цифрлы теңгенің нысаналы архитектурасын енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек», деп қорытындылады Б.Шолпанқұлов.
ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие:
Цифрлық теңгеге арналған цифрлы карталар екі халықаралық төлем жүйесі – Visa мен Mastercard және екінші деңгейлі төрт банкпен серіктестікте шығарылып жатыр. Бұл карталар – клиенттердің цифрлы шоттары орталық банктің цифрлы валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карталар. Бұл азаматтарға инновацияларды (Apple Pay, NFC және т.б.) қолдана отырып, оның ішінде цифрлы теңгемен шоты жоқ сауда-сервистік кәсіпорындар үшін, әлемнің кез келген нүктесінде дәл қазіргідей ыңғайлы – цифрлық теңгеде ақша жұмсауға, қолма-қол ақша алуға және операциялар жасауға мүмкіндік ұсынбақ. Бүгінгі таңда сервис тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп кезең-кезеңімен ауқымын кеңейте беретін болады.
«Цифрлық теңге инновациялық қаржылық қызмет көрсетудің негізін құрайтын блокчейн технологиясының әлеуетін ашады, төлемдерді тиімді етеді, сонымен қатар дәстүрлі қаржы мен цифрлы активтер арасына «көпір» болады. Цифрлы теңге экожүйесі іске қосылды, енді көп ұзамай ел тұрғындары оның алғашқы өнімдерін пайдалана алады», дейді ҰТК төрағасы Бинур Жәленов.
Оның айтуынша, бүгінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайызға жақындап, соңғы 5 жылда 16 есе өсім байқалды.
«Тұтынушылар цифрлық теңгені өз қалауы бойынша қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгеге ұқсастығы бойынша пайдалана алады. Азаматтар теңгенің қандай формасын – қолма-қол, қолма-қол ақшасыз немесе цифрлы түрін пайдалануды дербес таңдайды. Таңдау толығымен азаматқа байланысты. Олар инфрақұрылым – төлем нарығына қатысушылардың мобильді қосымшалары, банк карталары, NFC, QR арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлы теңгемен өзге де операциялар жасай алады. Цифрлы теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгенің қасиеттерін біріктіреді», дейді.
Айырықша атап айтар нәрсе – цифрлық теңгенің криптовалютадан немесе стейблкоиндерден түбегейлі ерекшеленетіні. Өйткені оның Ұлттық банк атынан бірыңғай эмитенті бар. Оны шығару және өтеу азаматтың талабы бойынша орталық банк платформасында жүзеге асырылады. Транзакцияларды қауіпсіз жүргізуге және қаражаттың сақталуына Ұлттық банк кепілдік береді.
«Цифрлық теңге платформасы сонымен қатар смарт-келісімшарттар арқылы автоматтандыру арқасында үдерістегі делдалдар санын азайта отырып, азаматқа мемлекеттік міндеттемелерді жеткізуді жеңілдетеді. Мемлекеттік қолдаудың елеулі көлемі азаматқа тікелей емес, қызмет провайдеріне субсидиялау жолымен көрсетіледі. Яғни төлем қызмет көрсету туралы есептер негізінде мемлекеттен көрсетілетін қызметті берушіге өтеді. Цифрлы теңгенің смарт-келісімшарттары сәйкестендіру, есептілікті қалыптастыру және транзакцияны бір қозғалысқа сүйемелдеу бойынша күрделі үдерістерді біріктіруге мүмкіндік береді. Осы технологияның нақты қосымшалары биыл іске қосылып жатыр», деп түсіндірді Бинур Жәленов.
ҰБ мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде 90-нан астам орталық банк цифрлы валюта енгізуді зерттеп жатыр. Қытай, БАӘ-ні қоса алғанда, 30-ға жуық орталық банк мұндай жобаны қанатқақты тұрғыда іске асыруда. Халықаралық есеп айырысу банкі мен SWIFT сияқты ұйымдар орталық банктердің цифрлы валюталарында трансшекаралық төлемдер үшін қанатқақты платформаларды іске қосады. Осы бағытта цифрлы теңгені пайдалану ортамерзімді болашақта отандастарға трансшекаралық есеп айырысудың тағы бір арнасын құру үшін негіз қалайды деген сенім бар. Ол неғұрлым жылдам әрі арзан халықаралық төлемдер мен аударымдарды қамтамасыз етпек.
«Цифрлық теңге» жобасымен Қазақстан осы күн тәртібіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі саналады.
Жоғарыда «цифрлық ваучер» ұғымы туралы да айтып қалдық. Соны тарқатып өтелік. Бұл – Алматы қаласының әкімдігі, «Қазпошта» АҚ және ONAY көлік холдингімен бірлесіп қолға алынып отырған мектепте тамақтандыруға арналған қанатқақты жоба. ҰБ өкілдерінің түсіндіруінше, оқушы қоғамдық көлік картасының көмегімен мектептегі түскі асқа сапарын растай алады. Осы растау негізінде әрбір оқушының әрбір нақты түскі асына ақша мектептің цифрлы шотынан мектеп асханасы оперторының цифрлы шотына төленеді. Нәтижесінде, мектеп пен ата-ана онлайн режімінде іс жүзінде қанша бала қызмет алғанын көреді. Асхана пайдалану үшін бірден қаражат алады. Төлемдер күрделі есептілікті қажет етпестен онлайн режімде өтеді. Бұл мемлекеттік қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттырмақ.
Цифрлық теңге кезең-кезеңімен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. Биыл цифрлы теңге бөлшек айналымға кірді.