Еске сала кетейік, "Қазақстан су жолдары" кәсіпорынының қызметкері Аққулы ауданы Шабар ауылы маңында Ертіс өзеніне кемеден құлап кеткен.
Павлодар облысында 8 мамырдан 9 мамырға қараған түні жұмыс барысында суға құлап кеткен су көлігінің капитаны әлі де іздестірілуде. Бірақ құтқарушылардың жұмысын қатты су ағыны қиындатып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ертіс өзенінде кеме капитаны суға батып кетті
Inbusiness.kz мәліметінше, "Қазақстан су жолдары" кәсіпорынының қызметкері Аққулы ауданы Шабар ауылы маңында Ертіс өзеніне кемеден құлап кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, үстінде құтқару жилеті де болмаған. Бастапқыда капитан шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстарды атқару барысында жазатайым оқиға ұшырады деген бейресми ақпараттар жарияланған болатын. Алайда Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды. Капитан жұмыс істеген команда жағалауларды тазалап, абаттандырумен айналысқан көрінеді. Өкінішке қарай, арада бес тәулік өтсе де, іздеу жұмыстары нәтиже берер емес.
"Капитанның денесі әзірше табылған жоқ. Жүзу құралдары және эхолоттың көмегімен жағалау жиегінде іздеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Оған екі құтқарушы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, капитан еңбек еткен мекеме қызметкерлері жұмылдырылды", - деп мәлімдеді Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары да жүрізіліп жатыр. Атап өтерлігі, бұл қайғылы жайт суға батқан азаматтар статистикасына енбеуі мүмкін. Себебі былтыр Төтенше жағдай министрлігі арнайы бұйрыққа өзгеріс енгізген болатын. Соған сәйкес, жабдықталған және жабдықталмаған су айдындарында шомылу, балық аулау және су құралдарында жүру кезінде батқан азаматтар ғана статистикаға кіреді. Ал өзге жағдайлардың барлығы тіркелмеуі мүмкін. Сол сияқты кеме капитанына қатысты орын алған қайғылы жайт егжей-тегжейлі қаралады.
Темірлан Жапалбайдың айтуынша, "Қазақстан су жолдары" кәсіпорнының қызметкеріне қатысты оқыс оқиға зерделенеді.
"Бұл мәселе тек денені тапқан соң шешіледі. Содан кейін сот-медициналық сараптама, басқа да сараптамалар тағайындалады. Өлімге себеп болған жағдайды анықтау керек. Егер жүрегі тоқтап қалса немесе құлау кезінде бортқа соғылса, бұл жағдай суға батқан азаматтардың жалпы статистикасына енбейді", - дейді Темірлан Жапалбай.
Осыған ұқсас жағдай биыл наурыз айында да орын алған еді. Екібастұз қаласының маңындағы су айдындарының біріне көлігімен шыққан екі балықшы жұқа мұздың жарылуынан құлап, суға батып кетті. Бұл жайт жол-көлік оқиғасы ретінде тіркелді.
Сөйтіп, жаңартылған статистикалық көрсеткіштер бойынша, жыл басынан бері Павлодар облысында екі адам суға кетті деп есептеледі.