163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізілді.
Сенатор Дархан Қыдырәлі Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз екенін айтты. Оның айтуынша,тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сенатор Дархан Қыдырәлі премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мемлекет тарихына байыппен қарап, Алаш арыстарын ұлықтау туралы ойларын ортаға салды. Таяуда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының тұлғаларды бір-біріне қарсы қоймау туралы сөзін еске салған сенатор ел бірлігі үшін зиялылардың бірлігі шарт екенін айтты.
«Мемлекетіміздің тұтастығы үшін бұл маңызды оқиға елеусіз қалмауы тиіс. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сынды алаш қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Сейітқали Меңдешев, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жалау Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Қазақ атын қайтарған Сәкен Сейфуллин мен ашаршылыққа қарсы күрескен, алаш қайраткерлерін қамқорлыққа алған Тұрар Рысқұловты құр коммунист аты немесе өзін қорғау үшін жазған хаты үшін жазғыру – әбестік», - деді сенатор.
2000 жылы аға ұрпақ өкілдерінің бастамасымен Халық шаруашылығы институты Ұлттық экономикалық университетке айналып, оған Рысқұловтың есімі берілген еді. Кейін оқу орны жекеменшікке өтіп, Тұрар Рысқұловтың атын алып тастады. Сенатор Үкімет қаулысына сәйкес берілген атауды ЖОО қандай басқару түріне жататынына қарамай, ауыстыруға құқы жоқ деп есептейді.
«Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл. Тұғырлы тұлғалардың мерейтойларын даңғазасыз, тағылымды етіп атап өту керек. Бұл ретте ономастика мәселесіне де назар аудару қажет. Шегарамызды айқындауға айрықша үлес қосқан Әлімхан Ермеков сияқты тұлғалар елеусіз қалмауы тиіс. Алаш арыстарының көбі қайда жерленгені белгісіз. Жуырда Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында саяси репрессияға ұшыраған 163 адамның сүйегіне зерттеу жүргізіліп, генетикалық талдау арқылы 50 адамның дерегі анықталды. Қаражат бөлінсе, осындай әдіс арқылы Ахмет Байтұрсынұлы, Ілияс Жансүгіров сияқты тұлғалар туралы деректер нақтыланар еді», - деді сенатор.