Ол біздің бауырымыз, бұрынғы депутат, тойына шақырса, қалай бармайсың?
Әлеуметтік желіде видеосы тараған, еліміздің қаймағы мен серілері жиналған аста-төк тойға Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса да қатысқан еді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазір кәсіпкерлікпен айналысатын Мақсат Раманқұловтың тойында бой көрсеткен депутаттан Azattyq Ruhy тілшісі «халық су тасқынымен алысып жатқанда оның және экс-әріптесінің осылай той тойлауы адамшылыққа жата ма?» деп сұрады. Депутат бірден экс-әріптесін жақтап, кәсіпкер той жасамасын деген ұғымның жоқ екенін алға тартты.
«Ол біздің бауырымыз, бұрынғы депутат. Елу жас тойына шақырса, қалай бармайсың? Қазақта «шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген сөз бар, соны алдымен ұғып алыңдар. Өздеріңізді тойға шақырса бармайсыздар ма? Әлде, кәсіпкер тойын жасамасын деген ұғым бар ма?», - деген депутат мәжіліс залына қарай бет алды.
Бірер сәттен кейін журналистерге кері бұрылып, экс-әріптесі Мақсат Раманқұловтың су тасқынына қалай көмектескенін айтып кетті.
«Сол тасқынға 5 миллион теңге аударған. 15 машина жіберген. Қайырымдылық жасап, қарттар үйіне, жетімдер үйіне тамақ берді. Осыны ішіне қосып жазыңдар», - деді журналистерге бұйыра сөйлеген Қазыбек Иса.
Ал Қазыбек Исаның қазіргі әріптесі, «ақжолдық» Азат Перуашев болса Раманқұловтың байлығын сөз етіп, табысынан хабар берді.
«Ол кісі тек қана Астана бойынша жиырма шақты тұрғын үй кешенін салды. Яғни, жағдайы бар кәсіпкер. Депутаттыққа дейін де бизнесте болған, депутаттықтан кейін де бизнеске қайтып келді. Ол туған күнін қай деңгейде өткізсе де өзі біледі ғой», - деді Азат Перуашев.