$ 494.87  520.65  4.91

Президент: Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы

Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Алматыда ғалымдармен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

 Бүгін Сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Қуаныштымын. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы. Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі.

Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымдары еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихына жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайды. Бізге ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар қажет. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады»

Мемлекет басшысы: «Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Мен шетелге сапарларым кезінде ғалымдармен жиі кездесемін. Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз»

Президент: «Теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізе отырып, барлық мүдделі мемлекетпен теңқұқықты және өзара тиімді қатынас орнатамыз. Біз серіктестікке баса мән береміз. Арамызды ажыратып, сенімге сызат түсіретін қабырға тұрғызу үшін емес, ынтымақтастық пен өзара түсіністікке бастайтын көпір салу мақсатында жүйелі жұмыс істейміз. Алайда қазіргі уақытта жанжалдар мен соғыс өрті басылмай тұрған аймақтарда мұндай сындарлы саясат жүргізу өте ауыр. Ол үшін табандылық пен сабырлық керек. Дипломатия мен диалог жолын ұстана отырып, біз үйлесімді әрі әділетті халықаралық құрылым құруды жақтаймыз. Біз ел ішінде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қандай да бір саяси жағдайдың ығына жығылмай немесе бөтен пікірлерге ермей, ұлттық мүддемізді көздейтін теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырмыз. Мемлекет басшысы ретінде, мен үшін Тәуелсіздік құндылықтарын сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру және елімізді қарқынды дамыту – басты міндет. Мен әрдайым осы негізгі қағидатқа баса мән беремін. Бес жыл ішінде біз саясат пен экономикадан бастап, мәдениет пен білім беру ісіне дейінгі барлық маңызды салалар бойынша ауқымды әрі институционалды өзгерістерді жүзеге асыра алдық. Ең бастысы, біз халықтың бойындағы шынайы өзгерістерге деген сенімді ояттық. Біз өз бағытымыздан қайтпаймыз. Қолға алған реформалардың бәрін жоспарлы түрде іске асыра береміз»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Стратегиялық бағдарымыз Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға және халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Еліміздің барлық азаматы, әсіресе жастар мұны жақсы түсінуі керек және реформалардан шет қалмағаны абзал. Бүгінгі жас ұрпақ жаңғыру үдерістеріне атсалысып, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың игілігін толық сезінуі қажет. Дарынды, талапты және еңбекқор жастар, оның ішінде ғалымдар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші. Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады»

Мемлекет басшысы: «Кезінде Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш сияқты арыстарымыз зиялылығымен талайды таңғалдырған. Өзге жұрттың қазақ туралы пікірі осындай тұлғаларымыз арқылы қалыптасқан. Қазір де өзінің білімі, өнері арқылы әлемді мойындатып жүрген жастарымыз аз емес. Олар кез келген тілді тез меңгеріп алады. Қандай ортаға да жылдам бейімделеді. Бізді әлем елдері көзі ашық, көкірегі ояу халық ретінде таниды. Білімпаздық, еңбекқорлық, алғырлық пен жасампаздық – қанымызға сіңген қасиет. Осы қасиеттерімізді әрдайым тиімді пайдалана білуіміз керек. Біз қазіргі заманғы технологияны меңгерген жас ғалымдарға зор үміт артамыз. Жастардың ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасап жатырмыз. Биыл Ұлттық ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл кеңес талапты жастардың басын қосып, ғылым жолына жұмылдырады деп сенемін. Шәкәрім «Жас көңілде жарық бар» деп айтқан. Жастарымыз жасампаз және жаңашыл болуы керек. Жастық шақ – уақытты босқа өткізетін емес, ел үшін табанды қызмет ететін кез. Академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы – осының жарқын мысалы. Ғұлама ғалым небәрі 25 жасында «Алгебра» оқулығын жазуға кіріскен. Ал 30 жас шамасында Жезқазғандағы кен орнын ашқан. Жас ғалымдарымыз туған еліне пайдасы тиетін жұмыспен айналысқаны жөн. Ұрпақтың білімді, отаншыл, мемлекетшіл болуы маңызды. Жастарымыз Адал азамат болуы керек. Еліне, өз ісіне адал азаматтар ғана Қазақстанды көркейте алады»

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары