$ 494.87  520.65  4.91

«Зәр мен нәжіс жегізген»: Шымкенттік жауыз емші алты баланы қалай асырап алған

Емшінің қатыгез әрекеті ұзақ уақыт бойы қалайша ашылмағаны әзірге белгісіз.

Фото: kazinform
Фото: kazinform

Шымкенттік емші асырап алған 6 баласын қорлап, азаптады деген күдікпен қамауда отыр. Балалардың елдің түрлі қалаларынан асырап алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.

Емшінің қатыгез әрекеті ұзақ уақыт бойы қалайша ашылмағаны, балаларды қандай негізде асырап алғаны әзірге белгісіз. 

Бұған дейін өгей әкенің 2021 жылы асырап алған 6 баланы қорлықта ұстағаны туралы дерек тараған.

Балалардың үлкені өгей әкенің оларды аш ұстап, мысық пен иттің етімен ғана азықтандырғанын айтып, көмек сұраған. 

Тексерушілер аталмыш үйден лас жағдайда өмір сүріп жатқан, әбден азып-тозған, денесінде көгерген, қызарған із бар балаларды тапқан. 

Көз алдымыздағы көріністен есеңгіреп қалғандай болдық. Балалар азып-тозған, денелері көгерген, күтімсіз, лас. Ол үйге тұтас комиссия болып барғанбыз. Жағдайда көрген сәтте-ақ балаларды уақытша болса да асыраушыдан алып қою керектігін түсіндік. Оларды онда қалдыру қауіпті еді. Әр баланың үстінде қос қабаттан кір сіңген киім болды. Бесеуі тіпті сөйлей алмайды десе де болады. Балалардың денесіндегі көгерген іздерді ата-анасы ойнап жүріп түсірген шығар деп түсіндірмек болды, — дейді Шымкент қаласындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева. 

Оның мәліметі бойынша, бала асырап алған ерлі-зайыптының өз кіндігінен нәресте жоқ көрінеді.

3-тен 15 жасқа дейінгі аралықтағы 6 баланы Шымкент, Алматы, Астана, Өскемен қалаларындағы түрді балалар үйінен жинап алған.

Алтаудың ішіндегі бір қыз бен ұл ғана ресми асырап алынған. Қалғанына қамқорлық рәсімдеген. 

Келешекте тағы бірнеше баланы балалар үйінен асырап алуды жоспарлаған, — дейді Жаннета Жазықбаева. 

Отағасы өзін халық емшісі деп атайды. YouTube-тегі арнасында бірнеше жүз оқырманы бар. (Дереккөз сот үкіміне дейін күдіктінің деректерін жариялай алмайды).

Балалардың мүшкіл халін, үйдегі жағдайлары тиісті деңгейде еместігін көршілерінің де, мұғалімдері мен сол аумаққа жауапты учаскелік полицейдің де хабарламағаны сұрақ тудырады. 

Қазір 6 баланың екеуі кәмелетке толмағандардың бейімдеу орталығында. Қалған төртеуі бөбектер үйінде. Ал өгей әкенің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Іс қылмыстық істер жөніндегі сотта жатыр. Бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Оның ішінде „азаптау“ бабы да бар. Балаларды асырап алған ер адам қамауда, — деп мәлім етті Шымкент қаласының полиция департаменті. 

Жаға ұстатарлық оқиға туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да пікір білдірді. 

Шымкенттегі асыранды балаларды азаптау фактісі бойынша айтсақ, аталған қылмыс бойынша ақпан айында Ішкі істер министрлігімен бірге жұмыс істеген болатынбыз. Ол істің мән-жайында қорқынышты жайттар жетерлік. Балалардың үлкенінің айтуынша, оларға зәр мен нәжіс жегізген. Іс сотқа жолданды. Сондай-ақ, балалардың үлкенінің жинағындағы ақшаның жұмсалуына қатысты іс тергеліп жатыр. Оның ақшасына ешкі сатып алып, ұлдың өзіне бақтырып қойған болуы мүмкін, — Динара Зәкиева.

Омбудсмен балалардың денесіндегі көгерген іздерге мән бермеген педагогтер мен қамқорлық органдарының өкілдерінен де жауап алынғанын айтады. 

Олардың үстінен де қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Бұл соңғы бірнеше айда бала асырап алған үйлерде тіркелген төртінші азаптау фактісі. Осыған байланысты Президент әкімшілігі бүкіл өңірлердегі әкімдіктермен жиналыс өткізіп, нәтижесінде наурыз айынан бері бала асырап алған отбасылардың бәрінде рейд жүргізіліп жатыр, шілдеде бітуі керек, — деді омбудсмен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 3
Күлкілі 0
Ашулы 7

Серіктес жаңалықтары