$ 494.87  520.65  4.91

«Ақталмаса, жауып тастайды»: Дисней алғаш рет қазақша дубляж жасауға қаржы бөлді

Осылайша қазақша нұсқасына сұранысты арттырады.

Фото: https://www.facebook.com/maqsatarzaman
Фото: https://www.facebook.com/maqsatarzaman

Әйгілі Уолт Дисней медиакорпорациясы жаңа шыққан анимациялық өнімінің қазақша дубляжын өз есебінен қаржыландырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл туралы әлеуметтік желіде жазушы Мақсат Мәлік жариялады. Ол оқырмандарын қазақ тілін, қазақша дубляжды қолдауға шақырды.

Қазақ дубляжын қолдағысы келетін барлық адамға үндеу

13 маусымда кинотеатрға “Ойжұмбақ 2” (Inside Out 2) фильмінің қазақша дубляжы шығады. Бұл дубляж бұрынғы дубляждан өзгерек, өйткені алғаш рет Дисней қазақша дубляжды өз есебінен қаржыландырып отыр (бұған дейін «Болашақ» қоры қаржыландырған). Яғни қазақша дубляж былтырғы тұрып қалған орнынан қозғала бастады деген сөз.

Біз, көрермен, бұған қуанғаннан басқа не’стей аламыз? Әрине дүйім “Алты Алаш” боп тойға шыққандай кинотеатрға баса көктеп барып, «Ойжұмбақты» қарап, «Ойжұмбақты» шешіп тастауымыз керек! - деді Мақсат Мәлік.

Сондай-ақ Мақсат Мәлік жоба ақталмаған жағдайда жабылатынын айтып, көрсетілімге әсіресе алғашқы 2-3 күнінде барудың маңызын түсіндірді. Осылайша туындының қазақша нұсқасына сұранысты арттырып, оның кинотеатрларда праимтаймға шығуына және сеанстарды көбейтуге ықпал ететінін жеткізді. 

Бұл не үшін маңызды? Үш себебін айтайық:

1. Диснейдің өзі «әр қазағым – дубляжым» деп, бізге өз қалтасынан қаражат бөліп отыр. Мұндай жомарттығы ертең ақталмай қалса, қазақша дубляждан бұлтарып, жобаны жауып тастайды.

2. Кинотеатрлардың қазақша дубляждан табыс жасай алмай қаламыз деп уайымдап, сеанстарды азырақ көрсетіп, қолайсыз уақытқа ысырып қоятын біртүрлі әдеті бар. Бірақ қазақшаға сұраныс көп болса, кинотеатр бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады.

Оған қоса прокатта кино көрсетілімінің алғашқы екі-үш күні аса маңызды. Кинотеатрлар соның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көп болып баруымыз керек.

3. Дубляж қазір қазақ тілінің ықпалын күшейтудің ең мықты әрі аса маңызды құралы. Өйткені кино – бейнелеу өнерінің шарықтау шегі, заманануи һәм заманауЛи визуалдың ең үлкен ағысы. Қазақ тілі сол ағысқа қосылып, дубляждың толқынына міне алмай қалса, мәдени күш-қуатымыздың өрісі біршама тарылып қалады. «Алты Алаш» тұрмақ, алты адамға да сөзіміз өтпейтін болады, - деп жазушы ойын жалғастырды.

Белгілі қайраткер, ақын Қазыбек Иса жазбаға «Әлемдік Диснейдің қазақ тілін қолдауын біз де қолдайық!» деп пікір білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 6
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары