$ 494.87  520.65  4.91

«Әкесі Назарбаевқа кірген соң, екі-үш күнде министр болды»: Экономист Сағадиевтың билікке қалай келгенін айтты

Сондай-ақ «Болашақ» расында «қолжетімді» болып, қалталылардың балалары барғаны айтылды.

Фото: Видеодан алынған кадр
Фото: Видеодан алынған кадр

Qasqa Jol ютуб арнасының кезекті шығарылымы елдегі оқу жүйесі мен білім тақырыбына арналды. Бағдарлама қонақтары экономика ғылымдарының кандидаты, оқытушы, профессор Жангелді Шымшықов пен тарих ғылымдарының магистрі Нұрсұлтан Бөлтірікұлы мұғалімдердің жалақысы, оқу бағдарламасы сияқты бірқатар өзекті мәселені талқыға салды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қонақтардың айтуынша, қазір мұғалімдердің еңбекақысы жылдан жылға өсіп келеді. Ұстаздардың материалдық жағы жақсарып, осы мамандыққа қызығушылық танытып өмірін білімге арнауға бел буған жастар саны көбейіп келеді.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда жоғарғы білім аясында өзекті болып отырған, «Болашақ» бағдарламасында болып жатқан даулы мәселеге қатысты профессор Жангелді Шымшықов пікір білдірді. 

Оның айтуынша, «Болашақ» бағдармасының миссиясы дұрыс болу үшін қоғам мен билікте адалдық болу керек.

«Жапония, Оңтүстік Корея және тағы басқа жаңа көтерілген елдердің тәжірибесіне қарайтын болсақ қайтып келген түлектер экономика, саясат пен мәдениетті қатар көтерді. Ол үшін қоғам таза, адал әрі әділетті болуы керек. Әсіресе билікте қу шенеуніктер болмау керек.

Біржағынан, ол бюджеттің ақшасы болып тұр. Екінші жағынан, келгенде осы жақтан өз мамандығымен орын таба алмайды. Себебі, ол орындарға сыбайластық, тамыр-таныспен орналасып алғандар бар.

Болашақпен оқуға баратындар, таңдалып, дұрыс іріктеліп нағыз ұлтжанды азаматтар бару керек еді ғой. Тіпті басқа ұлт өкілі барып, содан шу шығып отыр ғой. Олардың бәрі қалай өтіп кеткен? Бұл тағы да сыбайлас жемқорлықтың көрінісі. Отанын емес, қара басының қамын ойлаған адамдар кетті», - дейді Жангелді Шымшықов.

Сондай-ақ «Болашақ» расында «қолжетімді» болып, қалталылардың балалары барғаны айтылды.

«Болашақ бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ. Шындығын айту керек, бұрын Кеңес одағы кезеңінде ауыл- ауылдан іріктеліп оқуға жіберетін еді ғой Мәскеуге дейін. Ал  бұл жерде ондай іріктеу болған жоқ. Барамын деген адамдар ұмтылыс жасаған, олардың көбі қалталылардың балалары болды. Олардың ұлттық тәрбиесі болған жоқ, ертең Қазақстанды көркейтемін деп барған жоқ», - дейді профессор.

Оған қоса, ол елімізде министр дәрежесіне дейін көтерілген азаматтың өткені туралы сөз қозғады.

«90-шы жылдары үлкен шу шыққан. Газет-журнал, телеарналарда осы туралы айтылған болатын. Шетелде оқып жүрген азаматымыз, көбінесе карта ойнаумен т.б. істермен айналысқан. Содан бітіріп келіп, осында министр дәрежесіне дейін көтерілді. Оның сондай болғанын жұрттың бәрі ұмытып кетті. Әкесі Назарбаевқа кіріп шықты. Мен оның жай бармайтынын бірден білдім. Екі-үш күннен кейін баласы министр болып шыға келді. Білім және ғылым министрі. Білесіз ғой кім екенін? Сағадиев деген азамат», - деді Жангелді Шымшықов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары