Барлық құраманың бас жүлдеге қол созсақ деген арман-мақсаты бар.
Кәрі құрлықтың басты доп додасы басталды. Жарыс қарсаңында жеңімпаздыққа үміткерлердің бірі Англия командасымен Британ тағының мұрагері кездесіп, спортшыларға тамақтану бойынша сыр-кеңесін айтты. Ал Германия спортшылар мен жанкүйерлерді қабылдауға толықтай әзір. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы бас жүлде кімге бұйырарын сараптап көрді.
Алпыс жылдан астам тарихы тасқа басылған беделді бәсекеде биыл 24 құрама айға жуық уақыт бойы бас жүлде үшін таласады. Кіл мықтының арасынан кімнің мерейі үстем боларын жасыл алаң төріндегі тартысты ойындар шешеді.
Белгілі спорт журналисі Нұрғазы Сасаев биылғы жылдың фавориті ретінде Франция құрамасын атады.
Фото: fff.fr
Әрбір құрама құрлықтық додаға қатысатын құрамын жариялады. Қай-қайсысы да ала допты ұршықша үйіре білетін үздіктер. Кездесу тағдырын шешіп кете алатын әлеуеті зор мықтылар аз емес. Әрине, олардың арасында жұлдызы жарқыраған шебер футболшылары көп тәжірибелі құрамаларға көбірек сенім артамыз. Ойыншылар құрамына қарап, алдын-ала болжам айтуға негіз бар. Әрине, мен басты фаворит ретінде Франция құрамасын атаймын. Білікті маман өз елінің ұлттық құрама тізгінін ұзақ жылдан бері ұстап келеді. Шәкірттерінің барлығы - беделді клубтарда көшбасшы ойыншылар. Одан кейінгі кезекте Англия, Германия, Испания, Португалия, Италия, Нидерланд,Украина құрамалары бар, дейді ол.
Бұдан бөлек спорт сарапшылары әр құраманың өз мықтысы барын айтты. Әділбек Жақановтың айтуынша, Криштиану Роналду сияқты ойыншысы бар Португалия құрамасы биыл жүлдені басқаларынан жұлып әкетеді.
Фото: REUTERS / Pedro Nunes
Әлем футболының жарық жұлдызы Криштиану Роналду жасы қырыққа жақындап қалса да әлі де шеберлігімен елді тәнті етіп келеді. Әрдайым бабын жоғалтпай келе жатқан жампоз құрлықтық додадан құралақан қайтпауды қалайды. Өз мансабында ол Әлем және Еуропа чемпионатында жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ. Бәлкім, сол олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма? Португалия құрамасы сапында одан өзге де тәжірибелі ойыншылар саны көп. Сондықтан мен аталған құраманы беделді бәсекеде бас жүлдеден негізгі үміткер деп бағалаймын. Ал Франция – осал тұсы жоқ құрама. Бір Мбаппенің өзі не тұрады? Бұл құрамада барлық позицияда кіл мықтылар бар. Кез келгені ойын тағдырын шешуге қауқарлы, деді ол.
Ал танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен тіс қаққан ойыншылары мен қатарларында жастары бар құрамаларды атап шықты. Украина құрамасының сенсация жасау мүмкін екенін жоққа шығармады.
Фото: baq.kz
Биыл құрлықтық доданың қызығы аз болмайды деген ойдамын. Жас екеніне қарамастан жасыл алаңда жасындай жарқылдап жүрген жампоздар көп. Барлық құраманың бас жүлдеге қол созсақ деген арман-мақсаты бар. Әрине, бұл орайда Килиан Мбаппе, Антуан Гризманн, Усман Дембеле секілді көптеген жұлдызды жинап алған Францияны алдымен атап кетпесек әбестік болар. Одан кейінгі кезекте Испания құрамасын атаймын. Қазір олардың сапында өрімдей Ламин Ямал есімді сайыпқыран бар. Сондай-ақ Англия мен Бельгияны да бұл тізімнен сызып тастай алмаймыз. Бәлкім, Украина құрамасы да сенсация жасап қалатын шығар. Өйткені, қазір шабуылшы Артем Довбик Испанияның «Жирона» клубын өрге сүйреп жүрген жайы бар. Оған қоса Роман Яремчук, Михаил Мудрик, Александр Зинченко, Андрей Лунин сынды футболшылар Еуропаның беделді клубтарының құрамында доп теуіп жүр, деді Мәулен.
Ал Әзиз Оразбаев болса статистикаға сүйене отырып биылғы жылдың чемпионы ретінде Испанияны атады. Сонымен қатар "Реал Мадрид" футбол клубының ойыншылары бар құрамаларға жанкүйерлік ететінін жасырмады.
Фото: Global Look Press
Футбол әлемінің суперкомпьютері атанған Opta деген статистикалық компания биылғы Еуроның басты фавориті ретінде Англия құрамасын атапты. Расымен де, «арыстандар» биыл айбатты. Кезіндегі Стивен Джеррард, Фрэнк Лэмпард, Дэвид Бэкхемнен кейін бұл құрамада таланттардың тоғысқан тұсы биылға келіп тұр. Қорғаныста Джон Стоунз, Джо Гомес сынды мықтылар бар. Ортада Деклан Райс, Джуд Беллингем, Фил Фоденнің ойқастайтынына сенімдімін. Алғы шепте Гарри Кейнге сенім артады. Оның үстіне, бас бапкері Гарри Саутгейт те бұл команданы сонау 2016 жылдан бері пісіріп келеді. Ал финалда бұларға дода қожайындары Германия қарсылас болуы мүмкін. Үздік үштікке Франция мен кез келген тосынсый болар бір команда ілігуі мүмкін. Өз басым, Түркия, Украина құрамаларына және «Реал» клубының ойыншылары бар ұжымдарға жанкүйермін, деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Еуро-2024-тің H тобында бақ сынаған Қазақстан Ұлттық құрамасы іріктеу кезеңнің қорытынды ойынында Словениямен кездесіп, 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Осылайша өкінішке қарай, Ұлттық құрама Еуро-2024 турниріне жолдама ала алмады.