$ 475.18  510.72  5.47

«Хиджабқа тыйым салынса, тақияға да салынуы керек»: Желі қолданушысы депутаттың ұсынысына қарсы шықты

Ермұрат Бәпидікі – «ұялған тек тұрмастың» кері ғой. Естеріңізде болар, сәләфизмге тыйым саламыз деп даурыққан депутаттардың бір осы еді.

Фото: Reuters
Фото: Reuters

Қазақстан Парламентінде қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салу мәселесі қаралуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты. Осыдан кейін аталмыш тыйымға қарсылар да, депутат бұл пікірді ойланбай айтты дегендер де табылды. Олар өз пікірлерін желідегі парақшасында жаппай жазып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осы орайда желі қолданушысы Ораз Әлімбеков халықты даурықпауға шақырды. Депутаттың айтқаны жай дақпырт әңгіме деді.

Депутат халықты шатастырды: хиджаб па, никаб па? Сәләфизмді не қыламыз? Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бір топ депутатпен бірге қоғамдық орында діни киім киюге тыйым салатын заң дайындап жатқанын айтып, «заң қабылданғаннан кейін қоғамдағы хиджаб, никаб және басқа да діни киімдер мәселесі шешіледі» деп мәлімдеген соң діни радикалдардың қылығынан әбден зәрезап болған қауым тақиясын аспанға атып, «алақайлап» қуанып жатыр екен. Депутаттың бұл мәлімдемесіне кейбіреулер жоңғарды жапырып қырған Қабанбай батыр тіріліп келгендей әсерленіпті. Кейбіреулер сәләфизмге тыйым салуға билік шындап кіріскендей шабыттаныпты. Шындығында, мұның бәрі құр даурықпа әңгіме. Депутат қоғамдық ойға манипуляция жасап, жұртты алдаусыратып отыр. Бапи үшін оның себебі бар, деп жазды ол. 

Желі қолданушысы бұлай деуіне бірнеше себеп барын айтып, оларды тізіп шықты.  

Біріншіден, Ермұрат Бәпидікі – «ұялған тек тұрмастың» кері ғой. Естеріңізде болар, сәләфизмге тыйым саламыз деп даурыққан депутаттардың бір осы еді. Сол кезде саясаттанушылар мен заңгерлер «сәләфизмге тыйым сала алмайды» деп кесімді пікір айтқан. Сәләфилердің де, биліктегілердің де көңіл-күйіне қаныққан, проблеманы ішінен білетін Бекболат Тілеуханның өзі «сәләфизмге тыйым сала алмайды» деді ғой. Солай болып шықты да. «Үйітіп жібереміз, бүйітіп жібереміз» деп пұтқа толған сол депутаттар жеме-жемге келгенде сәләфизмге тыйым салуға қауқары жетпей ұятты болып қалды. Сәләфизмнің «екі аяғын бір етікке тығуға» дәті жетпеген Мәжілістің өкілі енді келіп мұсылман әйелдердің бас киіміне тыйым салу мәселесін айтып аңқау жұрттың көңілін ауламақшы.

Екіншіден, Ермұрат Бәпи никабқа хиджабты қосып халықты шатастырып отыр. Қоғамдық орындарда никаб пен паранжа киюге тыйым салатын заң шығаруға болатын шығар. Себебі, кез келген заң қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігі немесе дамуы үшін жазылады. Никаб пен паранжа киген адамды көзбен немесе көру құралы арқылы идентификациялау (жынысын, жас шамасын, келбетін анықтау) өте қиын. Хиджаб немесе паранжа оранып қару асынған терроршы те кеңқолтық киімнің ішінде жүре беруі мүмкін. Сондықтан Өзбекстан мұсылман әйел киімінің осы екі түріне тыйым салды. Қазақстан соны қайталайын деп жатыр.

Ал хиджаб қазақтың кимешегі секілді бас киім ғой. Айырмашылығы – хиджабты бүлдіршін қыздан бастап кие береді, қазақтың салт-дәстүрі бойынша кимешекті күйеуге тиген әйел киіп бастайды. Егер қоғамдық орында хиджаб киюге тыйым салатын болса, онда кимешекке, орамалға, тақияға, қалпаққа, кепкіге, шіләпіге, тымаққа, бөрікке тыйым салу мәселесі көтерілуі мүмкін. Қандай бас киім кию — әрбір адамның құқығы. Әрине, «мектеп формасы – мектеп тәртібі» деген желеумен оқушы қыздарға хиджаб киюді шектеуге болатын шығар, бірақ басқа жерде олардың да киім кию қалауына қарсы шара қолдану мүмкін емес. Сондықтан, депутат Ермұрат Бәпидің популистік мәлімдемесін жүрекке жақын алмаңдар, достар. Менікі ойжору ғой… Анығын Ақорда біледі, деп жазды.

Ал желі қолданушылары болса өз кезегінде Бәпи мен Зайытовтың Парламентте басқа көтетер мәселесі жоқтығын айтып шағымданды. 

«Не кисе о кисін, бірақ, мен «Мега» немесе үлкен офистері бар ғимараттың қожайыны болсам бетін түмшелегендерді кіргізбес едім, фейс-контроль болу керек адамдар көп шоғырланатын жерлерде», «Бапидың табынушы тобырлары ғой жалған ақпарат таратып жүрген», «Е. Бәпи мен Р. Зайытов парламентке мұсылман қатындардың діни киімімен және орамалмен, намаз оқитындармен күресу үшін барған ба?», деп түрлі пікір жазды оқырмандар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗДАР: «Қара киген қазақтар көбейді»: Қазақстанда қоғамдық орындарда діни киім киюге тыйым салынбақ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 5
Күлкілі 2
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары