Оппозиция бағытын таңдаған журналиске оқ атылғанда бірден саяси күштерден күдіктену қалыпты нәрсе.
Украинада қазақстандық оппозиционер Айдос Садықовқа қастандық жасалған еді. Ер адам әйелімен бірге көлігіне жақындағанда белгісіз біреу тапаншамен атып кеткен. Жапа шеккен қазақстандық белсенді Айдос Садықов екені белгілі болды. Осы орайда «Qasqa Jol» ютуб-арнасы мәселенің түйінін тарқату үшін шұғыл шығарылым дайындады. Қонақта болған белгілі саясаткер Қазбек Майгельдинов Айдос Садыққа кімнің өштескенін болжап көрді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Саясаткер бұл ақпаратты алғаш қайдан оқығанын және оған қаншалықты мән бергенін айтып берді.
Бұл ақпаратты әлеуметтік желіден оқыдым. Көршілес Ресей елі қатты шуылдап жазды. Саясаткер ретінде мұндай жаңалық мені елең еткізді. Өйткені Қазақстан азаматына, журналиске қасақана шабуыл жасалуы мән беретін дүние. Бұдан бөлек Ақорда телеграм-каналынан оқығанымдай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ден қойғаны менің одан сайын болған оқиғаға қаныға түсуіме себеп болды. Егер бұл мәселеге мемлекет деңгейіндегі адам назар аударса, онда алаңдауға себеп бар деген сөз.
Шабуылдаушының көздегені осы «Бәсе» каналының жұмысын тоқтату оның басы-қасында жүргендерді қатардан шығарып тастау болса, шабуылдаушылар өз мақсатына жеткен жоқ қой? Өйткені Наталья бар демек канал жұмысын жалғастыра береді, деген жүргізуші сауалына Қазбек Майгельдинов төмендегідей жауап берді.
Қарапайым адам ретінде қарайтын болсам менде екі ғана сұрақ туындады. Натальяның өзі сұхбатында айтқандай егер ол кәсіби шабуылдаушы болса неге ол ісін соңына дейін жеткізбеді? Барлығымыз оның аман қалғанын, ауруханада ауыр халде жатқанын білеміз. Екінші туындаған сұрақ өзін «Бәсе» каналының тілшісі ретінде таныстырып жүрген әйелі Натальяға неге оқ атылмады? Осы сұрақтардың қорытындысы ретінде мынадай ой келеді. Егер ол шынымен Айдостың көзін құртқысы келсе, неге оны жасамады? Шабуылдаушыға ісін соңына дейін жеткізуге барлық мүмкіндік болды ғой.
Саясаткер Айдос Садыққа кімдердің қастық ойлауы мүмкін екенін шолып көрді. Сөзінше «Бәсе» каналы оппозиционердің басына бәле болып, оны осындай халге түсіруге себеп болуы да мүмкін.
Оппозиция бағытын таңдаған журналиске оқ атылғанда бірден саяси күштерден күдіктену қалыпты нәрсе. Бірақ бұл жерде «Бәсе» каналыны ұсынатын контентті де ұмытпағанымыз жөн. Не дегенмен канал бейбіт контент жасамайды. Биліктен бөлек те сынайтын дүниелері баршылық. Кәсіпкерлерді, монополистерді сынап жазып жатады. Сол контенті арқылы біреудің жолын кесіп кетуі мүмкін, біреулерге қарыз болуы да ғажап емес. Осы сияқты тағы да басқа түрлі факторлар барын естен шығармаған жөн. Әрине, сыни тұрғыда контент жүргізуге әркімнің хақысы бар, өзінің ұстанатын бағдары сондай шығар. Бірақ оның контентінің құрылымына қарайтын болсақ тәуекелге өте көп барады. Одан кейін қылмыс әлеміндегілердің де айтқысы және көрсеткісі келмей отырғандарын жария етіп жатады. Осының бәрін қарастыратын болсақ тұрмыстық деңгейде біреудің өш алуы әбден мүмкін.
Бұдан бөлек Украина үшін Айдос Садыққа шабуыл жасау қаншалықты тиімді деген сауалға жауап берді.
Карантин кезін еске түсіріп көрейік. Төтенше жағдай емес, жай ғана карантин режимінде дүкенге шығу мұң болды. Ал енді Киевті еске алайық. Карантин мен коменданттық уақыттан бөлек күнделікті тоталды бақылауда отырған қала. Әлі күнге дейін қылмыскердің ұсталмауына қарағанда осындай қатаң тексерісте тұрған қалада оған қашып кетуге қалай жағдай жасалған? Осы тұста арнайы дайындалған оперция болуы мүмкін деген ой туындайды. Осыдан екі апта бұрын ойда жоқта Зеленский Орталық Азия журналистерін сұхбат беруге шақырды. Соғыс болып жатқан елдің басшысы әлемдік деңгейдегі емес, Орталық Азия мемлекеттерінің тілшілерін шақырды. Оның үстіне біздің елден мемлекеттік БАҚ-тың журналистерін немесе қаралымы жағынан жоғары аудитория жинай алатындарды шақырған жоқ. Осыдан барлығын құрастыратын болсақ Украинаның көздеген бір мүддесі бар. Журналистерді шақыру мен журналиске шабуылдың арасында бір байланыс бар сияқты, мұның бәрі жайдан жай болып жатқан жоқ. Факт бар. Егер Өзбекстан мен Қырғызстанда да осындай жағдай болатын болса, Орталық Азия геосаяси ойынның бір элементіне айналып отыр деген ой туындайды.
Саясаткердің сөзінше бұл жерде қандай да асығыс шешім шығаруға болмайды.
Арандатушылыққа жол бермеуіміз керек. Тұрақтылығымыз бар болса сыртқы күштің іріткі салуына жағдай жасамайық. Ол үшін ақпараттық соғыста ақты ақ, қараны қара деп көрсете білуіміз маңызды. Қандай жағдайда, не үшін, нендей мақсатпен деген сұрақтарды жан-жақты қарастырып барып шешім шығаруымыз маңызды. Ешқандай асығыс шешім қабылдауға болмайды.
Қазбек Майгельдинов бұл қастандық сырттан іріткі салушылардың ісі болуы да мүмкін деген болжамды жоққа шығармады. Өйткені олай ойлауға да бірнеше себеп бар.
Барлығы кімге керек деген сұрақ қойғанда мен неге қазір деген сұрақ қояр едім. «Бәсе» каналы Назарбаев билігін де, қаңтар кезінде Тоқаев билігін де сынады. Қазір аталмыш каналда бұрынғыдай контент те жоқ, тыныш. Бірақ неге осындай тыныштық кезінде Айдосқа шабуыл жасалды? Тоқаев Сингапурға барды, Оңтүстік Кореяның президенті біздің елімізге келді, жақында ШЫҰ саммиті өтеді. Халықаралық деңгейде қарайтын болсақ Қазақстан жай ғана мемлекет емес, дербестігі мен өз ұсынысы бар мемлекет. Тоқаев Сингапурда болғанда әлемде қақтығыстар болып жатқанын айтты. Бірақ үлкен державалар ол қақтығыстарды шешуге қауқарсыз өйткені олардың да өз мүддесі бар. Ал Қазақстан, Сингапур сияқты дамушы орта державалар жағдайды оңына өзгерте алуы мүмкін екенін айтты. Мұндай сөз кімге ұнайды? Кез келген алпауыт елге ұнамайды. Сондықтан олар тікелей емес осындай арандатулар ұйымдастыруы әбден ықтимал.
СҰХБАТПЕН ТОЛЫҚ ТАНЫСУ ҮШІН МЫНА СІЛТЕМЕДЕН ӨТІҢІЗ: Киевте тоталды бақылау, тапа-тал түсте адамды атып кету мүмкін емес - Қазбек Майгельдинов