$ 495.2  522.34  4.94

Елімізде балалардан саусақ ізі алынбақ

Құжат жобасы 30 шілдеге дейін көпшіліктің талқысына ұсынылды.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстанда дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді жүргізудің жаңа ережелері халық назарына ұсынылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасында Қазақстан Республикасының азаматтарынан, дактилоскопиялық тіркеуден өткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан дактилоскопиялық ақпараттың не үшін жиналатыны айтылған.

«Дактилоскопиялық тіркеудің мақсаты – дактилоскопиялық ақпарат негізінде адамның жеке басын анықтау және растау. Дактилоскопиялық ақпаратты жинау дактилоскопиялау және тиісті ақпараттық жүйеге дербес деректерді енгізу арқылы адамның екі алақаны немесе екі қолының он саусағының папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы биометриялық деректерді алуды қамтиды», - делінген құжат жобасында.

Дактилоскопиялық тіркеуді ішкі істер органдары, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, шетелдегі дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктер, сондай-ақ ҚР консулдық мекемелері, көлік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган және Ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізеді.

Сондай-ақ Қазақстанда кәмелетке толмаған балалардың саусақ іздері алынады. «Ашық НҚА» порталында Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығының жобасы жарияланды. Саусақ ізін тіркеуді (саусақ ізін алу) жүргізу қағидаларында ішкі істер органдары саусақ ізі туралы ақпаратты жинайтыны көрсетілген:

өздерінің келісімі бойынша, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін және (немесе) паспортын алғаш алу үшін, сондай-ақ оларды қалпына келтіру не ауыстыру үшін жүгінген Қазақстан Республикасы азаматтарының;

Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу үшін осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген тәртіппен жүгінген кезде он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалардың.

Сондай-ақ, жол жүру құжатын алғаш ресімдеген, сондай-ақ қалпына келтірген, ауыстырған жағдайларда он алты жасқа толған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың дактилоскопиялық ақпаратын жинауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу үшін өтініш жасаған кезде он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалардан дактилоскопиялық ақпаратты жинау олардың келісімі және жеке басын куәландыратын құжат және заңды өкілдің өкілеттігін растайтын құжат ұсынған кезде баланың заңды өкілінің қатысуымен және жазбаша өтініші негізінде жүзеге асырылады.

Айта кетейік, құжат жобасы 30 шілдеге дейін көпшіліктің талқысына ұсынылды. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары