Біздің дзюдоист бармай жатып, шошаңдап, аспанға ұшып жүр. Ал өзбек жігіті өте салмақты. Жеңгеннен кейін де бөрігін лақтырып, алақайлап жүрген жоқ.
Белгілі саясаткер, мемлекет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшан Қазақстандағы бокстың жай-күйіне байланысты пікір білдірді. Кеңес Одағы кезінде бокстан гүрзі жұдырығымен қарсыластарын талай мәрте сұлатып түсірген ардагер спортшы елдегі спорт ахуалын сынап тастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Оның сөзінше, қазіргі таңда елдегі спорт саласы айтарлықтай ақсап тұр. Мұның басты себебі ретінде ол басшылықты тәжірибесі жоқ біліксіз мамандардың жайпап алуымен байланыстырды.
Спорттың қазіргі жағдайына шүйліккен мемлекет қайраткері, үлкен додада өнер көрсетіп жүрген боксшыларды да сынап тастады. Айтуынша, көзінде оты жоқ спортшылар бокстың негізгі әдістерінен ада қалған.
“Ал енді маған қазір бокс туралы көп сұрақ қояды. Өте дұрыс. Мен бұрынғы боксшы есебінде, Кеңес Одағы кезінде спорттың жалпы құрылымы, соның ішінде бокс саласы өте жоғары дәрежедегі спорт түрі болды деп айта аламын. Себебі ол кездегі бокс қолғабы кішкене аттың қылынан жасалған кәсіби қолғап еді. Онда бокс кезінде соққыңыз дөп тиетін болса, нокаутқа түсіреді немесе нокдаун болады. Бірде бір жарыс нокдаунсыз өтпейтін еді.
Ал қазіргі бокста күш-жігер сезілмейді, не нокдаун да болмайды. Сондықтан бокс қызығушылығын қатты жоғалтып алды. Оны мен кәсіби боксшы ретінде айтамын. Біз кезінде техникаға ерекше көңіл бөлетін едік. Себебі бокстың ең негізі әдісі – аяқпен жүру. Аяқтың қозғалысы арқылы көптеген соққыдан қорғануға болады. Ал қазір осыған ұқсас көптеген қозғалыс ұмытылды. Бокс жай ғана төбелеске айналды. Арнайы техника жоқ. Сондықтан біз спорттың бұл бағытын жоғалтып алдық, - дейді ол.
Айтуынша, егеменді ел болғалы мысы мен мінезі басым спортшыларымыздан көз жазып қалдық.
“Ал енді тәуелсіздік алғаннан бері атышулы бокстан көптеген жетістікке жетіп келген Қазақстанның Олимпиадада қандай нәтиже көрсетіп жатқанын жақсы білесіздер. Алтын түгілі, күміске де зар болып қалдық. Енді осы жолы да боксшыларды көріп жатырмын. Бізден жеті боксшы барды. Дайындықтарына мүлдем көңілім толмады. Бізде бір жаман әдет бір жаттықтырушыны көріп қалсақ, сол бәрін тындырып жатыр деген оймен байланып қаламыз.
Мәселен, жас әрі талантты жаттықтырушыларымыз өте көп. Ешкім соған сараптама жасап, кім қалай жаттығатынын көріп, олардың шәкірттеріне баға бермейді. Тіпті, комиссия құрып, аймақ-аймақтағы спорт мектептеріне барып, кімді таңдап алу керек, оны кім басқара алады деген ой да жоқ. Бәрі сол айналып келгенде тамыр-танысқа тіреледі. Баяғы “кім барады, кім бармайды” деген әуеніне салады. Осындай жағдайдан кейін талантты әрі үлкен жетістікке жетуге қауқарлы жігіттердің жолы кесіліп, сыртта қалып қойып жатыр. Иә, жемқорлық боксты да айналып өтпеді.
Осы тұста, ол жемқорлықтың бүгінгі күнге дейін өршіп тұрғанын жасырмады. Тіпті өзі қызмет еткен жылдары осыған ұқсас әділетсіз шешімдердің талай мәрте куәсі болған.
“Мен 14 жыл Республикалық спорт колледжін басқардым. Сол кезде әбден көзім жеткен. Ал енді мен кеткелі 1,5-2 жыл болды. Екі жыл ішінде революция болып, бәрі қалпына келді деп айта алмаймын. Міне, бізден жеті боксшы аттанды. Үшеуі, оның ішінде тіпті команда капитаны да жеңіліс тапты. Ешқандай жігер мен техника жоқ. Бокс жай ғана төбелестен тұрмайтынын естен шығарады. Ал бұл спорт түрі арнайы техникадан тұрады. Жұдырықтасуға байланысты, қарсылас тарап агрессивті болған жағдайда қолданатын өз заңдылықтары бар. Соған байланысты жаттығуға дайындалу қажет. Сонымен қатар әр боксшының ойындарын жазып, техникаларын анықтап, кімдер қатысатынын білуге болады. Міне, спортқа жаны ашыған адам осының бас-аяғын жинап жүреді.
Өкінішке қарай, ондай жаттықтырушы да, басқарушылар да жоқ. Соңғы уақытта біздің басшылыққа “шымшық сойса да, қасапшы сойсын” деген сөз дәл келеді. Алайда оны түсінетін басшы болса игі. Сондықтан осындай келеңсіз мәселенің бәрін жою үшін, Қазақстанда бірінші орын алған боксшыны ғана үлкен додаларға жіберу қажет. Қазір бірінші орын алған адамның орнына басқа біреуді жібереді, - деп сөзін жалғады ол.
Саясаткердің сөзінше, халқымыз спорттағы құндылықтарынан да қағылып жатыр.
“Олимпиадада өзбектің боксшыларын қарасаңыз, өте жайдары. Дзюдодан әлем жеңімпазы болған жігіт қазақ жігітін жеңді. Біздің дзюдоист бармай жатып, шошаңдап, аспанға ұшып жүр. Ал өзбек жігіті өте салмақты. Жеңгеннен кейін де бөрігін лақтырып, алақайлап жүрген жоқ. Себебі бұл – тәрбиенің бір белгісі. Біз қазақ халқы осындай болғанбыз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде спортта да өз құндылықтарымызды жоғалтып алдық”, - деді Тшанов.