12.08.2024, 23:00

12 тамыз — Халықаралық жастар күні: Астанада ашық аспан астында мерекелік кеш өтті

Фото: sn.kz

Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен.

12 тамыз күні Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы  жастар арасында шығармашылықты дамыту, жастар арасында бос уақытты ұйымдастыру, жастардың қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру, жастарға мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында Халықаралық жастар күніне орай Есіл өзенінің жағалауы, Кенесары хан ескерткішінің алаңында «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ» OPEN AIR ашық аспан астындағы мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы, жастар ісі бойынша министрлердің 1998 жылы 8-12 тамызда Лиссабон қаласында өткен Бүкіләлемдік конференциясының ұсынысы бойынша бекіткен.

Астананың ашық аспанында өткен мерекелік кеште ән де айтылды, аспапта ойнағандар да табылды. Сондай-ақ мың бұралған бишілер жиналған көпшілікке тамаша көңіл-күймен атмосфера сыйлады. 

Елордада өткен аталмыш іс-шара  туралы Skifnews.kz тілшісі Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманымен тілдесті. Бас маманның айтуынша, бұл кешті өткізудің өзіндік мақсаты мен міндеті бар.

«Өздеріңіз білетіндей бүгін — жастар күні. Осы күнге орай, бізде іс-шаралар он күндігі жарияланды. Бұл он күндік ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және өңірлік әкімдіктермен біріге жүргізіліп жатыр. Астана қаласы әкімдігі он күндік аясында бірнеше шара атқарып келеді. Олардың ішіне жастарға ашық аспан астында патриоттық кино көрсету, кешегі Ұлы Абайдың туған күніне арналған шаралар кіреді. Одан бөлек бүгін Есілдің жағасында жастарға арнап кеш өткізіп жатырмыз. Бұл кеште түрлі қызықты интелектуалды ойындар болады. Ойында жастардың танымына әсер ететін түрлі сұрақтар қойылып, жауап бергендерге бағалы сыйлықтар беріледі. Іс-шараның мақсаты елорда жастары мен қонақтарына жағымды атмосфера сыйлау. Сонымен қатар жастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеп, оларға көңілді кеш ұйымдастыру», - деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Айдар Ерлан Нұрланұлы.

Кеш қонақтары Дастан Оразбеков, Ізбасар Кеңесов, Жеңіс Ғарифулла, Нурик Бармаков сияқты жастар арасында танымал отандық эстрада жұлдыздары болады және кешті BayGUYS тобы жүргізді. BayGUYS тобының жігіттері сөз арасында әзіл айтып, халықтың назарын өздерінде ұстап тұрды. 

Досымжан Таңатаров өз репертуарындағы "Аққуым" әнін көпішілікпен бірге шырқап, халықтың қошеметіне бөленді. Сахнадан түсіп, қалың қазақтың жанынана барып ән айтқан Досымжан кештің көркін кіргізді. 

«Жастармен бірге» жастар фестивалінде Instagram әлеуметтік желісінде жастар арасында өткен  «Абай жолымен» байқауының жеңімпазы марапатталды. Сыйлық – Iphone 15 pro.

Мерекелік концертте жастар арасында 50 бағалы сыйлықтар (power bank, құлаққаптар, үндеткіш) ойнатылды. «Open Air» фестивалі қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін өткізілді.

"Ерке Есілдің жағасында күн сайын серуен құрамыз. Бүгін осындай мерекелік кешке тап болып, тамашалау мүмкінді туғанына қуаныштымын. Одан бөлек, интелектуалды ойынға қатысып бағалы сыйлық ұтып, олжалы болып отырған жайым бар. Осындай шаралар жалғасын таба берсе екен. Уақыттың сапалы өткені жақсы ғой", - деді қала тұрғыны. 

Қала тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыс жаудырып, уақыттарының қызықты өткенін айтты.