Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару мәселесі Мәжілісте қаралуы мүмкін.
Бүгін бір топ Мәжіліс депутаты бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Депутаттар биылғы жазда өңірлерді аралағандарын, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай, Жетісу облыстарының тұрғындары уақыт белдеуіне қатысты мәселені жиі көтеретінін жеткізді.
Бүгін Мәжіліс қабырғасында осы мәселе бойынша Amanat фракциясы жиын өткізген.
«Ел бұрынғы уақыт белдеуінің қайтарылуын талап етіп отыр. Бәлкім, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстары үшін осы уақыт белдеуі ыңғайлы шығар, бірақ шығыс үшін тиімсіз. Біздің Шығыс Қазақстанда сағат 02.30-да таң атады. Сиырдың мөңіреген даусынан оянасың. Кешкі бес-алтыда тас қараңғы. Екінші, үшінші ауысымда оқитын оқушылар бар, олар (үйлеріне) қалай қайтады? Ауылдық жерлерде тіпті көшелерде жарық жоқ. Енді жер үлкен болған соң, уақыт белдеуі алдын ала зерттелуі керек еді. Денсаулыққа қаншалықты зиян екені, қанша энергияны біз артық шығындаймыз дегендей», – деді депутат Мақсат Толықбай.
Айтуынша, алдағы уақытта Парламенттің жалпы отырысында Үкімет мүшелері, ғалымдардың қатысуымен бұл мәселе тағы қаралады.
Тағы бір депутат Нұртай Сабильянов бірыңғай уақыт белдеуі «халыққа қолайсыз, денсаулығына кері әсер етіп жатқанын» баса айтты. Сөзінше, алдағы уақытта депутаттар Үкіметтен бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды талап етпек.