$ 495.2  522.34  4.94

«Қызылордада оқушы қызды секс-құлдықта ұстаған»: Әкім оқиғаға қатысты пікір білдірді

Бір-екі кемшілік үшін әр басқарма басшысын босата берсек, бұл жақта адам қалмайды.

Фото: Қызылордла обл әкімдігі
Фото: Қызылордла обл әкімдігі

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мектеп оқушысын жезөкшелікке мәжбүрлеу оқиғасы туралы журналистердің сұрағына жауап берді, Skifnews.kz ақпарат порталы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тамыз айында Қызылорда қаласында мектеп оқушылары «сыныптасын секс-құлдықта ұстаған» деп күдікке ілінді. Бұл туралы қоғамдық қорға жәбірленушінің ата-анасы мәлімдеген.

«Қызылорда облысының білім саласында зорлық-зомбылық, адам өлтіру, суицид ақпараттары жиі орын алады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов екі рет сөгіс алса да, неге қызметінен босатылмады?», - деп сұрақ қойды тілшілер Орталық коммуникациялар қызметінде.

Н. Нәлібаев шынында да, өңірде осындай жағдайлар жиілегенін, тәрибе мен білім саласына қатысты жиындар мен рейдтер көптеп өткізіліп жатқанын айтты.

«Білім басқармасына біржақты қарауға болмайды деп есептеймін. Ол азамат бұған дейін білім саласында жұмыс істеп келген. Қалада білім бөлімін басқарған, мектеп директоры, аудан әкімі, қала әкімінің орынбасары секілді көп лауазымдарды атқарған тәжірибелі әріптестеріміздің бірі. Бір-екі кемшілік үшін әр басқарма басшысын босата берсек, бұл жақта адам қалмайды. Біз оған қатаң сөгіс бердік. Алдағы уақытта нәтиже болса әріптесімізбен бірге жұмыс істейміз, тағы мұндай жағдай қайталанса – тиісті шешім қабылданады. Біз алдағы уақытта мұны бақылаймыз, мұндай жағдайларды болдырмау үшін жұмыс істейміз», - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, облыс басшысы жәбір көрген оқушының отбасына қолдау мен көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

«Оқушының анасы Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген. Қызылордаға келген соң, сөйлестік, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, ол кісінің ұсынымдарын тыңдадық. Даулы оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында оларды басқа үйге көшіру туралы ұсыныс жасадық. Алайда, бас тартты. Біз әрі қарай да қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді ол.

Өңір әкімі қазір тергеу амалдары жүріп жатқанын, содан кейін кінәлілер жауап беретініне уәде берді.

«Қазір тергеу амалдары аяқталмай, сот шешімі шықпай, біреңе айтуға ертерек. Бәрі аяқталған соң, міндетті түрде кең көлемде жауап береміз. Осы салаға жауапты орынбасарым, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының басшылары осы оқиға жөнінде брифинг өткізеді», - деді Н. Нәлібаев.

Еске сала кетейік, атышулы оқиға бойынша келеңсіздікке жол бергендер қызметінен кетті. Кейін ҚР ІІМ жәбірленуші тұратын аумақты тәулік бойы күзетті. Тергеу жүріп жатқанда Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген 8 күдікті қамалды. Кейінірек оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты 13 адам анықталды. Ал 11 қараша күні оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген бір айыпталушыға үкім шықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары