$ 524.66  550.21  5.09

Теңгенің тұрақтануы уақытша құбылыс па? – сарапшылар не дейді

Көріп отырғанымыздай кейінгі апталарда валюта бағамы жиі шайқалып, ел экономикасында тұрақсыздық туды. 

Фото: canva
Фото: canva

Қазақстандағы теңгенің тұрақтануы қазіргі уақытта уақытша құбылыс ретінде қарастырылуда. Сарапшылардың пікірінше, теңге бағамының динамикасы бірқатар сыртқы және ішкі факторларға байланысты, олардың ішінде мұнай бағасы, Ресей рублінің құбылмалылығы, геосаяси жағдай және елдің ішкі макроэкономикалық саясаты маңызды рөл атқарады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында теңгеге тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк интервенциялар жүргізіп, базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтады. Желтоқсан айындағы негізгі факторлар ретінде салық төлемдерінің артуы теңгеге уақытша қолдау көрсетуі мүмкін. Сонымен қатар, әлемдік нарықтағы тұрақсыздық және мұнай бағасының төмендеуі теңге бағамына қысым жасайды деп болжануда.

Ұзақ мерзімді перспективада теңгенің жағдайы сыртқы макроэкономикалық ахуалға, оның ішінде АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемелеріне, Қытайдың экономикалық өсіміне және Қазақстанның экспорттық кірістеріне тәуелді болады. Егер геосаяси тәуекелдер азайса және жаһандық экономикада оң өзгерістер орын алса, теңге бағамының тұрақтануы мүмкін.

Сондықтан теңгенің тұрақтануы қысқа мерзімде уақытша сипатта болуы ықтимал, ал ұзақ мерзімді перспективада макроэкономикалық және геосаяси факторларға тәуелділігі сақталады.

Өткен аптада теңге бағамы жаһандағы бірінші валюта саналатын долларға шаққанда 530 теңгенің маңайына ауытқыған еді, түрлі шаралардың әсерінен бе, әйтеуір 510 теңгеден төмен түсті.

Дегенмен, бұл қоғамды әлі алаңдаушылықтан құтқара алмайтын секілді. Көпшілікті инфляция, қаржылық жағдайдың құлдырауы іспетті болжамдар алаңдатады.

Оның үстіне инфляция болатынын Ұлттық банк өкілдері де жасырмады. Қазір халық қолда бар ақшасын жылжымайтын мүлікке салып әлек. Себебі келер жылдан бастап, тұрғын үй бағасы шарықтамақ, доллар бағамы өсті дегелі құрылыс компаниялары да баспана құнын көтере бастады.

Бұл оқиғалар Үкімет мүшелерін де біраз әуреге салғаны анық. Әр жағдай үшін халыққа түсініктеме беріп, алаңдаушылықты басуға тырысып жатыр.

Осы тұста теңге бағамын тұрақтандыруға қатысты қандай іс-шаралар жасалғанын сөз етейік. Әрине, бұндайда үйреншікті әдіс-тәсілдер бар. Доллар құны өскелі Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамын ұстап тұру үшін 16 қарашадан бастап, 1 млрд долларға интервенциялар жасалғанын мәлімдеді.

Бұған қоса, базалық мөлшерлемені 15,25 пайызға дейін арттырды. Өйткені әзірге азық-түлік қымбаттамағанымен, басқа тауарлардың бағасы өскені білінген. Десек те, аталған амалдар бұған дейінгі жылдарда да арагідік қолданылып келгені есте. Яғни, доллар өскен сәтте жасалатын қалыпты әрекеттер. Сондықтан нәтижесі жақсы болып шығуы екіталай.

Біз байланысқан экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, интервенция жасау екіжақты түсінік береді. Яғни, жақсы жағымен қатар, кері әсер ететін тұстары бар.

– Ұлттық банк интервенция жасау арқылы ұлттық валютаның айырбас бағамына ықпал етуге тікелей араласып отыр. Осылайша, валюта бағамындағы тұрақсыздықты тоқтатуға күш салуда. Дегенмен, интервенция жасаудың артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Әуелі артықшылықтарына тоқталсақ. Біріншіден, бағаның тұрақтылығына әсер етеді. Валюта бағамының күрт ауытқуы инфляцияны күшейтетінін білеміз. Көбіне біз секілді импортқа тәуелді елдер қымбатшылықты болдырмас үшін осы тәсілге жүгінеді. Екіншіден, инвесторлардың сенімділігі. Валюта бағамын тұрақты етуге тырысу шетелдік және отандық салымшыларға жайлы орта ұсынады. Үшіншіден, сыртқы қарызды басқаруға септеседі. Егер, мемлекет қарызын шетелдік валютада өтейтін болса, ұлттық валютаның тұрақтылығы қаржылық жүктемені азайтады, – дейді сарапшы.

Ал, кемшіл тұстары айналып келгенде Ұлттық қорға зиянын тигізетіндей. Мысалы, ең алдымен ұзақмерзімді интервенция резервтердің сарқылуына әкеледі. Осы жолы 1 млрд долларға жасалған интервенция – Ұлттық қор қаражаты. Егер, дәстүрлі түрде жалғаса берсе, онсыз да Үкімет қол салуын тыймаған қорға теріс әсері болады. Сондықтан интервенция қысқамерзімді шара ретінде ғана құп көріледі.

– Екінші кемшілік ретінде ұлттық валюта бағамын тұрақтандыруға шектен тыс араласу – бағамның табиғи қалыптасу процесіне кедергі етіп, ұсыныс пен сұраныс арасын бұзатынын айтқым келеді. Ал, соңғы әрі ең басты кемшілік, интервенция валюта бағамын уақытша тұрақтандырады, бірақ мәселелерді түбегейлі шешпейді, – деп түйіндеді.

Бауыржан Ысқақовтың тұспалы бойынша, базалық мөлшерлемені 15,25 пайызға көтеру де қысқамерзімді амал ретінде дұрыс саналады. Алайда, еліміз ұзақмерзімді тұрақтылықты ойласа, отандық нарыққа мүмкіндік беруі керек. Ол үшін импортқа тәуелділіктен арылу мен экономиканы әдеттегідей мұнайға негіздеп жоспарлаудан аулақ болғаны абзал.

Қай жағынан қарасақ та, Қазақстан импорт пен мұнай бағасына тәуелді экономика ғана құра алғанына көз жетті. Елімізге инфляция сырттан импорт арқылы келіп жатқанын сарапшылар жасырмайды. Ішкі өндіріс көңіл көншітер емес.

Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одаққа байланған еліміз Ресейдегі жағдаймен санасып отыруға мәжбүр. Нақтырақ айтқанда, рубльмен қоса теңге теңселеді. Әзірге Ауыл шаруашылығы министрлігі елде азық-түлік қымбаттамайтынына, қор жеткілікті екеніне сендіріп отыр.

Ал, мұнай бағасын келешекте барреліне 75 доллардан болады деп бюджет жоспарын бекіткен үкімет енді сынға қалуы мүмкін. АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп алдағы уақытта мұнай бағасын барреліне 40 долларға дейін түсіруге күш салатынын жария еткені есте. Демек, бұл үрей негізсіз емес.

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, тұрақтылыққа жету үшін Қазақстанға бір-ақ жол бар – экономикалық түсімдерді мұнайдан басқа көздерден іздеу. Шамасы, үкімет алдағы уақытта әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны азайтып, шағын және орта бизнеске жасалған салықтық жеңілдіктерді алып тастайтын секілді.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары