11.01.2025, 06:30

«Қатты қысылдым»: Қазақ жігіті Италияда тырнақ әрлеп, табыс тауып жүр (ВИДЕО)

Фото: Маден Нұрланұлының жеке архивінен

Бұл қадамым өмірімді түбегейлі өзгертті.

25 жастағы қазақстандық Маден Нұрланұлы шетелде оқи жүріп, маникюр жасап табыс тауып жүр. Шығармашылыққа жақын жігіт сұлулық әлемінен бөлек, италиялықтарға ағылшын тіліп үйретіп, отандастарына виза алуға көмектеседі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Маден сұлулық әлеміне кездейсоқ келгенін айтып берді. Отандасымыздың сөзінше, мүлдем маникюр жасайтын шебер боламын деп ойламаған. 

"Бәрі досымның тойына дайындықтан басталды. Той Ыстамбұлда өтуі керек еді. Сол жерде достарыммен бірге өнер көрсететін болдық. Бұл танымал адамның тойы еді, содан кейін мен Италияға оқуға ұшуды жоспарладым. Бірақ мен визаға құжат тапсырып, оны уақытында ала алмадым. Себебі төлқұжатым консулдықта болды. Осылайша, тойға да, Италияға да бара алмадым. Бұл жағдай мені депрессияға түсірді, не істерімді білмей, визаны күтумен болдым. Сол кезде анам Еуропада бьюти-индустрия жақсы дамыған және сол арқылы жақсы табыс табуға болады деп кеңес берді. Тіпті Америкада бір маникюрге 100 доллар (1 доллар – 525,73 теңге), ал Италияда 50 еуро (1 еуро – 541,60 теңге) алуға болады деп айтты. Бұл ой қызықтырып, неге байқап көрмеске деп ұйғардым", – деді Маден Нұрланұлы.

Маден Нұрланұлы бала кезден сурет салғанды ұнатады. Қолының ұсақ моторикасы жақсы дамыған екен. Кейін жігіт маникюрге арналған курсқа қатысқан.

"Алғашқы күн өте ыңғайсыз болды. Себебі айналамда тек қыздар. Ал мен топтағы жалғыз жігіт едім. Қазақстанда жігіттің маникюр үйренуі сирек кездесетін нәрсе болғандықтан қатты қысылдым. Бірақ маған бұл ұнап қалды. Ол сурет салуға ұқсас болды. Себебі бір күйге еніп, тынығып, жұмыс істей бересің. Қысқа мерзімді курсқа қатысып, 7 күнде толықтай маникюр жасауды үйрендім. Сол уақытта визам да дайын болды. Әрине, досымның тойына үлгермедім. Бірақ Қазақстаннан маникюрге қажеттің бәрін: құралдар, стерилизатор, гель, лак сатып алдым. Еуропада маникюр арқылы табыс табуды ойладым. Себебі шәкіртақым жарты жылда ғана беріледі екен. Сол алты айда шетелде өзіме табыс тауып, күн көруім керек болды. Ал маникюр – өте жақсы идея болып көрінді", – деп түсіндірді Маден.

Маден кейін Римде тұратын қазақтармен танысқан. Есімі біртіндеп "Сарафан радиосы" арқылы тарап, клиенттері көбейе түскен.

"Жұмысым жақсы жүріп жатты. Бірақ бір күні пәтерімнің иесі, италиялық менің бөлмемде маникюр жасау заңсыз екенін айтты. Бұл Италияда қауіпті саналады екен. Егер біреу біліп қойса, айыппұл салынуы мүмкін деді. Осылайша, клиенттерімді таратуға және салон іздеуге тура келді. Кейін бір салонмен уақытша келісіп, италиялықтармен жұмыс істей бастадым. Бұл жерде одан да көп табыс таба бастадым. Қазір маникюр жасап жүргеніме екі жыл болды. Бұл маған жеткілікті табыс береді. Тіпті шәкіртақымды мүлдем жұмсамаймын. Шәкіртақым – 700 еуро (379 400 теңге). Маникюр – өте жақсы табыс көзі. Басында бір адамнан 10 еуроалсам, қазір 30 еуро аламын. Салонда жұмыс істесең, гель үшін 50 еуро табуға болады. Ал дизайн ретінде "French" стилін қосқанда 50 еуродан бастап, күрделілігіне қарай 80 еуроға (43 360 теңгеге) дейін жетуі мүмкін. Бұл өте жақсы табыс көзі деп ойлаймын. Айына бәрін қосқанда 1000 еуродан (542 мың теңге) аса табамын. Бірақ әр кезде әр қалай табыс түседі", – деді Маден.