$ 529.99  546.63  5.21

«Тек ақшаны алып алу, басқа ешқандай дүние жоқ»: Депутат ақылы автотұрақтардың жұмысына шүйлікті (ВИДЕО)

Қазақстанда 422 мыңнан астам жас жұмыс іздеп сандалып жүр.

Айыппұлдың қай түрі наурыз айынан бастап төмендейді? Қазақстанда ауадан ақша жасап отырғандар кімдер? Кореяға заңды түрде жұмыс істеуге бара аламыз ба? Елімізде орташа жалақы 400 мыңнан асты дегенге сенесіз бе? Сандарды өсіріп, статистикалық мәліметтерді бұрмалау қашан тоқтайды? Бұл жайында депутат Нартах Аралбайұлы Qasqa Jol Youtube арнасында берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«2018 жылы елордада жеке автотұрақтарды енгізу жобасы басталды. 2018 жылдан 2022 жылдың желтоқсан айына дейін ақылы автотұрақтардан түскен қаржының 95 пайызы жеке компанияға, тек 5 пайызы мемлекет қазынасына түскен. Екі жылдың ішінде Астана тұрғындары 250 миллион теңгеден астам қаражат төлеген. Тек 2023 жылдан бастап заңға біршама өзгерістер енгізіліп, 25 пайызы мемлекетке, 75 пайызы жеке компанияға түсетін болды. Бұл тек бір ғана шаһардың екі жылдық статистикасы, оған дейінгі жылдарды қоса есептесеңіз, жеке компанияның қалтасына біршама миллиардтар түскен болып тұр. Сондай-ақ, бұл бір ғана Астана қаласының статистикасы, Шымкент пен Алматыны қоса есептесеңіз, біршама санды сөйлетуге болары анық. Ал енді ақылы тұрақтарға айыппұл төлемеген азаматтарға 5 миллиард теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл енді масқара ғой. Сондай-ақ, ақылы автотұрақтарда тегін тұру уақыты бес-ақ, минут, мұны 30 минутқа жеткізу де күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені бұл жерде кәсіпкер мен кәсіпті тұтынушының арасындағы қарым-қатынастың үлкен бұзушылығы бар», - деді депутат.

Сонымен қатар халық қалаулысы жастар арасында белең алған жұмыссыздық туралы сөз қозғады.

«Елімізде 422 мыңнан астам жас жұмыс іздеп сандалып жүр. Алайда ресми статистикада жыл сайын 500 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Онда неге жұмыссыз жүрген жастар саны азаймайды. Өкінішке қарай, мен ресми органдар берген статистикаға сене алмаймын. Бізде адам көбейіп жатқан жоқ па? Бұл неге жыл сайын өзгермейтін, қатып қалған статистика?! Әлеуметтік сала өкілдері бұл сұраққа әлі күнге дейін тұшымды жауап бере алмады. Оқуға түсе алмаған жастар, еріккеннен базарда арба итеріп жүрген жоқ, лайықты жұмыс істейін десе «табақтай» диплом сұрайды. Содан кейін еріксіз қара жұмыс іздейді.

Шындығына келсек, жастарды жұмыспен қамту осыншалықты қиын мәселе емес, тек жүйелі жұмыс жасалса, жұмыссыз жастарымыздың саны азаяр еді..», - деп қорытындылады Н. Аралбайұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары