Суда құтқару қызметінің мамандары 23 адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қала әкімдігі ресми сайтының хабарлауынша, биыл жыл басынан бері Астана су қоймаларында 44 адам зардап шеккен. Олардың 23-і құтқарылған. Ал, 21 адамды құтқару мүмкін болмаған. Мамандар мұны қауіпсіздік шараларын ескермей, тұрғындардың тыйым салынған жерлерде шомылуынан деп түсіндіреді.
– Суға түскен кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Белгі қойылған жерден тыс малтып кетуге болмайды. Ең бастысы көптеген оқыс оқиғалар ішімдік пайдаланғанның кесірінен орын алады. Қазір ағашпен, пенопласттың үстінде малтиды. Ондай заттармен малтуға болмайды. Астана орталығында арнайы суға түсетін жағажай бар. Осы белгіленген орында ғана суға түсуге болады, – дейді Астана қаласы Есіл ауданы ТЖБ инспекторы Бауыржан Бейсенқанов..
Мамандардың сөзіне сүйенсек, суда тал қармайтындардың 70-80 пайызы 30 жасқа дейінгі ер-азаматтар екен. Ала жаздың аяқталуына санаулы күн қалды. Сондықтан суға түскенде аса сақ болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек.