Ақын өзін айыптағандарды Рамазан айында айтыспа десе де сотқа бергенін айтты.
Ақын Ханбибі Есенқарақызы Дулат Исабековтің асында мемлекеттік сыйлық сұрады деп желіде жазба жариялағандарды сотқа берген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Қатын қағыс есітеді»… сосын Құлбек. Осы Құлбек, соңғы кезде әркі-тәркі сөйлейтін болып барады. Ал жазуы одан да өрескел. Мен туралы жазған постын бірнеше рет редакциялағаннан кейінгісі де оңып тұрған жоқ, әлде, мемлекеттік сыйлық аламын деп миы шайқалды ма? «Жаназада сөйлегенде» деп бөсті. Жаназада ешкім сөйлемейтінін білмей ме? Сөз тіркестеріне көз салыңыз: «Көптен күткен трагедиямыз болған соң»… Көз жасынан кірпігіміз айқасып, жабысып қалды», …«Бекет Тұрғараев екеуміз … сұраулы көздеріміз өзара айқасып қалды… (Алдыңғы вариантта аспанда айқасып қалды) «Аяғымыздың асты тас екен, сол сақтап қалды» … Сөйте тұра, сол тасты тесіп өтіп (жердің астымен) ілбіп қайтады ғой. Жылаған, мүсәпір қалып таныта отырып, облыс әкімін маған қайрап салады. Егер ресми жақтан айтылмаған сөз болса, «қырық күндік асын жерлестері міндетіне алып отыр» деп айтпаған болар едім. Не Түркістанның, не Шымкенттің делегациясына қоспағаннан кейінгі зар-запыраны демеске амал жоқ», - деді ақын.
Ханбибі Есенқарақызы жазушы Құлбек Ергөбек туралы айтты.
«Сонымен, «Сүйекші-Құлбек» мен туралы: «Дулат Исабеков мақтаған прозалық шығармама Мемлекеттік сыйлық бермедіңіздер» деп қара қазандай өкпесін қаралы жұрттың алдына ақтара салды», дейді. Ал адамды бір жалалы сөзбен «жексұрын» етіп көрсете салудың бұдан асқан формасы бола ма? Оның осы ойын алғаш жариялаған Бақытжан Бұқарбаевтың жазбасына 120 мың адамның лайк басқанын қайдан білді екен, ә? Бақытжанның мені қаралаған постына жүздеген адамдар коментарий берген соң, ол саябырлаған. «Қарт сүйекші» оған қанағаттанбай, өзі қолына қаламын алып, жігерленіп, ышқынып айтқан сөзін Ютуб каналынан оқытқанда, адамды жәбірлеудің түрлі тәсілдерін терең меңгергендігін өздеріңіз тыңдадыңыздар», - деді ақын.
Ақын өзін айыптағандарды Рамазан айында айтыспа десе де сотқа бергенін айтты.
«Маған біраз лауазымды, құрметті адамдар телефон соғып, үндеме, баяғы «ит үредіні» айтып, бірі «Рамазан айында айтыспа», оның кім, сенің кім екеніңді халық біледі», деп басу айтқанмен, менің ар-ожданыма түскен дақты, жапқан жаланы өзімнен өзге ешкім қорғай алмайтыны белгілі . Сотқа бердім. Сот процесінде авторлар өз қателескенін мойындаса, екі жақты келісімге (медиация) келу мүмкіндігі бар екендігін хабарлады. 120 мың оқырман «біліп-білмей» жазған қаралау коментарийлері үшін мына видеоны назарларыңызға ұсынамын. Соңғы сөз сіздерде», - деді ол.