$ 503.42  542.08  6

Астана әкімдігіне айтылатын сын көп...

Астана – еліміздің бас қаласы, ресми биліктің орталығы, заманауи мегаполис. 

Фото: 2gis
Фото: 2gis

Бірақ соңғы уақытта қала тұрғындары әкімдік жұмысына жиі сын айтып жүр. Күн сайын қайталанатын кептелістер, аяқталмайтын жол жөндеу жұмыстары, қымбатшылық, экологиялық проблемалар – бұның бәрі қала тұрғындары үшін шешілмеген мәселелерге айналған. Десе де Астанада әлі шешімін таппаған мәселелер шаш етектен.

Себебі Астанадағы жолдың жағдайы мәз емес. Қыс сайын жауатын қалың қар тазаланып жатса да, көктем келе еріген қар суы көшелерді көлге айналдырады, аяқ киімді балшық қылады. Ал әкімдік бұл мәселелерді түбегейлі шешудің орнына, уақытша шешімдермен ғана шектеліп келеді. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің тапшылығы да жұртты әбігерге салып отыр. Қоғамдық көлік жоқ демейміз, бар. Бірақ автобустар сирек жүреді, ал такси бағасы күннен-күнге өсіп жатыр.

Жасыл желек азайған

Бұдан бөлек Астанада жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынады, бірақ көптеген жаңа ауданға мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар жетіспейді. Тұрғын үй демекші, инфраструктураның дұрыс жоспарланбағанынан босла керек, қаладағы жасыл желек жылдан-жылға азайып барады. Мәселен, сол жағалаудың дәл орталығында, Қазмедиаға қарама-қарсы Қонаев көшесінің бойында теректер жайқалып тұратын. Қазір олардың бірде-біреуін кездестірмейсіз. Есесіне биік-биік тұрғын үйлер салынып кеткен. Құрылыс қарқыны жоғарылаған сайын, ағаштар кесіліп, орнына биік ғимараттар бой көтеріп жатыр. Бұл жағдай экологияға кері әсерін тигізіп, қаладағы ауа сапасын нашарлатып жатқаны да жасырын емес. Қыста Астананың ауасы көк түтінге толып, жұрт денсаулығына қауіп төніп тұр. Күз бастала қалса, бір ғана Шұбар ауданынан шығатын көк түтіннің мөлшерін калькулятормен де есептеп бере алмассыз. Ал оң жағалаудағы мәселе тіптен бөлек...

Алаш шоссесіндегі базарлар

Әкімдік жаңа жобалар мен бастамалар туралы көп айтады. Бірақ олардың көбі іс жүзінде толық орындалмайтын тәрізді. Өйткені тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ асатын әкімдік жоқ. Себебі қала аумағындағы инфрақұрылым мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе «Биг Шанхай», «Шанхай», «Алаш», «Алау», «Шарын», «Керуен» базарларының маңындағы жағдай күрделі. Мұнда канализация жоқ, лас су септик арқылы шығарылады. Басқасын айтпағанда, жолдары батпаққа айналған, ал жарық қуаты төмен. Бұл мәселелер туралы кәсіпкерлер де, қарапайым тұрғындар да үнемі айтып келеді. Бірақ әкімдік қандай шешім ұсынып отыр?

«Батпақтың ортасында жұмыс істеп жүрміз»

Мәселен, Министрліктер кабинетінен 12-15 шақырым жердегі Алаш шоссесіндегі (Алаш шоссесі 35) біз сөз етіп отырған базарлардың жағдайы қандай екенін білу үшін шенділерге дәл осы көктемде аяқтай барып көрген «тиімдірек» болар ма еді... Әсіресе депутаттар аяғына ұзын етігін киіп, оның сыртын пакетпен орап, күн жаңбыр болып тұрғанда барса, «әп-бәрекелді» деп қуанар едік. Сонда ғана Астана әкімдігінің қолынан түк келмейтінін көзбен анықтап көруге болады.

Міне, сол жақтағы «Керуен» автобазарында жұмыс істейтін жұмысшы Санжар Әмірбеков бұл мәселелерге қатысты өз ойын ашық айтты. Оның айтуынша, мұнда инфрақұрылым атымен жоқ, ал қала билігі бұл мәселені шешуге асықпайды. Тіпті жуырда ғана жергілікті жұртпен кездесуге келген Астана қаласы, Байқоңыр ауданының әкімі халыққа мысқылдап кеткен тәрізді...

«Қаланың ішінде жүріп, осындай жағдайда жұмыс істеу – масқара! Мұнда жол жоқ, жаңбыр жауса, балшық кешіп жүреміз. Канализация атымен жоқ, лас суды септик арқылы шығарылады. Бұл базарлар тек қарапайым халыққа ғана емес, қаланың экономикасына да үлкен үлес қосып отыр. Бірақ әкімдік бізді мүлдем елемейді»,дейді ол.

Әкімдер ауысады, ал мәселе сол күйінде қалады

Аталған аумақ Астана қаласының әкімдігіне қарайды әрі бір жағынан ең негізгі жауапкершілік Байқоңыр ауданының әкімдігінде. Дегенмен бәрібір де бұл мәселелер тікелей жауапты бір адам болса, ол – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек. Міне, соның нөкері, Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Абайұлы Рахманберді бастаған топ «ай қарап» жүретін болуы керекн. Жақында аудан әкімдігінен базар маңындағы инфрақұрылымды тексеруге адамдар келген. Бірақ кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар әкімнің айтқан сөзіне түк риза емес.

«Әр жылдары түрлі әкім келіп кеткен. Қарайды да, енді мәселені шешеміз дегенде, орнынан кетеді. Сөйтіп, мәселеміз қала береді, қала береді. Мысалы, мына алдымызда тұрған «Ковровый центрден» қалдық су жиі келеді. Ал оған қолданып жатқан шара жоқ. Ал сол лас су мемлекеттің жеріне төгіліп жатыр. Неге бұл жерлерге әкімдік канализация жасамайды. Бізге келетін жүк көлігі көп. Ал олардың тұратын жері жоқ. Әр жерде шашылып жатады. Талай рет мына канализация мәселесін, жол мәселесін айтып, әкімдікке арыздандық. Осыдан шамамен 3 апта бұрын әкім келіп, осы жақтағы мәселені талқылауға таңғы 7-да шақырды. Бұндай уақытта кім барады? Бәрі жинала қояы ма? Жарайды дедік. Сол уақытта біз де бара қалдық. Сөйтіп, аумақты қарады да кетіп қалды. Бір шендіге осы істі тапсырды. Ол барып, барлық арықты қазып тастады. Ал бұл нәпсе бізге керісінше зиянын тигізді. Біз сол арықты мына су кетсін, машинаға жүретін жол болсын деп өз күшімізбен қазғанбыз. Ал олар келді де керісінше «проблема» тауып берді. Әкім келіп, сол автобазар жақтағы бір километрдей жердің жолын жөндеуге 3 миллиард теңге керек деді. Бұл – ақылға қонымсыз сома! Біз бұл жерге 500-600 миллион теңге жеткілікті деп отырмыз. Бірақ әкімдік сылтау іздеуді ғана біледі. Мемлекет бізге 3 милииард бөлмейді деп тез құтылып кетті. Егер тіпті болмаса, маған сол жердің сметасын сызып бер десе, сызып берер ем. Үш миллиард теңгеге ол жерді ғана емес, барлық Шанхай жақтағы жағдайды түзеп, жолын салуға болады ғой... Жалпы мен түсінбейтін бір нәрсе бар. Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдайық дейді, ақша бөледі, субсидия береді. Бірақ соны жүргізуге еш жағдай жасамайды. Бұл қандай ақылға сыйымды нәрсе сонда, соны айтшы маған?!», дейді Санжар Әмірбеков.

Шынымен, жұмысшы айтқан нәрсенің бәрі орынды. Аталмыш базарларда күнделікті мыңдаған адам жұмыс істейді. Тұрғындар мен кәсіпкерлер әкімдікке бірнеше рет шағымданғанымен, нақты өзгеріс болмай отыр.

Жол, жарық, канализациясы «жоқ» базар маңы

Жол, жарық, канализация – мұндағы ең өзекті мәселелер. Ал бұл қандай жағдайға алып келеді?

Біріншіден, канализация жоқ. Барлық лас су септик арқылы шығарылып жатыр, бұл экологиялық және санитарлық қауіп төндіреді.

Екіншіден, жол мәселесі өте күрделі. Жаңбыр жауған сайын базар аумағы балшыққа айналады.

Үшіншіден, электр қуаты әлсіз. Жарық жиі сөніп қалады, әсіресе қыс мезгілінде бұл үлкен қиындық туғызады.

Төртіншіден, ең бастысы әкім жауапсыз. Себебі әкімдік нақты ешқандай шара қабылдамаған. Тұрғындардың арыз-шағымдары жауапсыз қалып отыр. Ал бұл наразы халықтың агрессиясын тудырып, мемлекетті, Үкіметті «жағымсыз құбыжық» қылып көрсетуге дейін апады.

3 миллиард «сұрайтын» жол

Біздің ойымызша, Астана қаласының әкімдігі және әкім Жеңіс Қасымбектің өзі бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме беруі керек. Егер инфрақұрылымды ретке келтіруге 3 миллиард теңге қажет болса, оның неге сонша «қымбат» екенін түсіндіруге тиіс. Әлде Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді біз бен сіз салықтан төлеп отырған ақшаны көптеп «жегісі» келе ме? Ал егер сондағы адамдардың айтқаны рас болып, аядай жерге бар-жоғы 500-600 миллион теңге жеткілікті болса, онда әкімдікте «бюджетті дұрыс жұмсамаудың белгісі бар-ау» деген ой туындайды.

Қаланың ең маңызды сауда орындарының бірі саналатын бұл базарлар – қала экономикасының ажырамас бөлігі. Бірақ бүгінгі күні ондағы жағдай базар емес, қыста – қардың, жазда – шаңның, күзде – батпақтың ортасындағы сауда алаңы сияқты көрінеді. Әкімдік бұл мәселеге назар аударып, нақты шешім қабылдай ма, әлде Жеңіс Қасымбек пен оның аппараты құр уәде берумен ғана шектеле ме?..

Астана қаласындағы бірнеше ірі базар – «Биг Шанхай», «Шанхай», «Алаш», «Шарын» және басқалары шағын және орта бизнестің орталығы болғанымен, мұндағы инфрақұрылымдық мәселелер кәсіпкерлердің дамуына кедергі келтіріп отыр. Жергілікті билік заңсыз құрылыстарды бұзып, кәсіпкерлерге айыппұл салумен ғана шектеледі, алайда саудагерлерге, жұмысшыларға қажетті жағдай жасалмай келеді.

Әкімдікке үлкен «минус»

Бұл базарлардың айналасында жол жоқ, жаңбырлы күндері балшық, құрғақ күндері шаң басады. Клиенттердің базарға жетуі қиындағандықтан, кәсіпкерлердің табысы төмендейді. Канализация жүйесі жүргізілмеген, сатушылар септик қызметін пайдалануға мәжбүр, ал бұл қосымша шығын мен санитарлық талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты айыппұлдарға әкеледі. Жарық тұрақсыз, электр қуаты әлсіз, ал ол сауда процесін қиындатып, азық-түлік өнімдерінің бұзылуына себеп болады.

Қорытындылай айтсақ, әкімдік шағын бизнестің дамуына кедергі келтірмеуге тиіс. Мәселені шешу айыппұл мен шектеулер енгізу емес, инфрақұрылымды жақсарту басты міндет болуы қажет. Егер базардағы жағдай өзгермесе, кәсіпкерлердің наразылығы күшейіп, шағын бизнес одан әрі әлсіреуі мүмкін. Ал ол мемлекет үшін үлкен «минус» екені айдан анық! Әрине, Астана қаласында бұдан да өзге мәселелер жетіп артылады. Оны алдағы уақытта жүйелі түрде жазуға тырысамыз...

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 7
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары