$ 521.9  593.5  6.39

Астанадағы «Елорда Құрылыс Компаниясы»: жемқорлық, әкімдіктің үнсіздігі, үлескерлер тағдыры

Әкім Жеңіс Қасымбектің компанияны тарату туралы шешімі тек жанжал жария болғаннан кейін ғана қабылданды.

Фото: elorda-kurylys.kz
Фото: elorda-kurylys.kz

Астана қаласының тұрғын үй құрылыс саласындағы ең үлкен дауының бірі – «Елорда Құрылыс Компаниясы» («ЕҚК» ЖШС) төңірегіндегі жанжал. Бұл іс тек бір құрылыс ұйымының ғана емес, тұтас мемлекеттік басқару жүйесінің кемшіліктерін, әкімдік бақылауының әлсіздігін, сондай-ақ тұрғындардың сенімін таптаған жүйелі жемқорлықты ашып көрсетті. Жүздеген, тіпті мыңдаған үлескердің тағдыры осындай олқылықтардың салдарынан «белгісіздікке» ұшырады. 2022 жылы Астана қаласына Жеңіс Қасымбек әкім болып келгенде, «Елорда Құрылыс Компаниясы» директоры сол қазір 10 жылға сотталып кеткен Руслан Кадесов еді. Яғни әкім осыны біле тұра, Р. Кадесовке сын көзбен қарамағандай көрінеді.

Бірақ та біздің отандық БАҚ бұл жағдайды назардан тыс қалдырмады. Ratel.kz, BaigeNews.kz, KazTAG сияқты ақпарат құралдары көлемді зерттеулер жариялап, жемқорлық схемаларының егжей-тегжейін ашып көрсетті. Журналистік зерттеулер билікке қысым жасау құралына айналды деуге болады. Міне, біз де сол аталған БАҚ-тарға шыққан материалдарға сүйеніп, жағдайды мейлінше әділ талдап көреміз.

Компания тарихы мен құрылу мақсаты

Жалпы  «ЕҚК» Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен 2018 жылы құрылды. Негізгі мақсаты – аяқталмай қалған тұрғын үй кешендерін салып бітіру, үлескерлердің құқығын қорғау мен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында қауіпсіз әрі сенімді тұрғын үй жүйесін қалыптастыру болды деседі. Бұл компания Астанадағы ұзақ жылдар бойы тұралап тұрған құрылыстарды аяқтап, әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалу үшін құрылды. Алғашқы кезеңдерде бұл компанияға үлкен үміт артылды.

Миллиардтаған қаржы мен жауапсыз әрекеттер

Мемлекеттен бөлінген қаржы көлемі 100 миллиард теңгеден асты. "ЕҚК" түрлі мердігерлермен келісімшарттар жасасып, көптеген тұрғын үй кешенін өз бақылауына алды. Алайда уақыт өте келе бұл компанияны тек құрылыс операторы емес, қаржы аудару мен схемалық сатылымдармен айналысатын делдал ретінде қабылдай бастады. Баспасөз беттерінде және қоғамдық ұйымдар арасында компанияның ашық жұмыс істемейтіні, бөлінген қаржылардың нақты мақсатқа жұмсалмайтыны туралы сын көбейе түсті.

Руслан Кадесов – жүйенің символы

2022 жылы компания басшылығына келген Руслан Кадесов небары 34 жаста еді. Жас та болса, оның қызметке келуімен бірге компанияда «жақсылықтың» орнына пара мен алаяқтықтың күшейгені анық байқалды. Ол басқарған кезеңде компания аванстарды заңсыз бөлді, жоба-сметалық құжаттарға өзгерістер енгізуді параға байланыстырды. Жемқорлықтың символына айналған Кадесов – тек бір адам емес, бүтін бір жүйенің келбеті еді.

Пара беру схемасы және 170 миллион

Сот материалдарынан белгілі болғандай, Кадесов 2022 жылы сәуір айында "KazStroyDevelopment-2050" компаниясының басшысы Асан Асановтан аванс төлемін жеделдету және жобалық құжаттарды түзету үшін 170 миллион теңге көлемінде пара алған. Пара бірнеше бөлікпен берілген: 10 миллион теңге бастапқыда қолма-қол берілсе, қалғаны делдал Олжас Давлетов арқылы жеткізілген. Бұл – қарапайым парақорлық емес, жүйелі және ұйымдасқан сыбайлас жемқорлық әрекеті еді.

Астана әкімдігінің үнсіздігі

Бұл процесте ең таңғаларлығы – Астана әкімдігінің үнсіздігі мен бейқамдығы. Әкім Жеңіс Қасымбектің компанияны тарату туралы шешімі тек жанжал жария болғаннан кейін ғана қабылданды. Бұл – мемлекеттік бақылау жүйесінің осалдығын және әкімдіктің тек реактивті түрде әрекет ететінін көрсетеді. Қасымбектің «мемлекет пәтер сатып алуға міндетті емес» деген сөзі – әкімдіктің әлеуметтік жауапкершіліктен бас тартуының көрінісі.

Үлескерлердің үміті күйреді

Бастапқыда «ЕҚК» үлескерлерге үміт сыйлады. Бірақ көп ұзамай сол үміт желге ұшты. Пәтерін күткен азаматтар жылдар бойы сеніммен қаражат құйған. "Шығыс 3А", "Шығыс 3Б" және басқа да нысандарда пәтерлер уақтылы берілмеді. Көптеген азаматтар өз мәселесін тек сот арқылы ғана шеше алды. Бұл – құқықтық мемлекетте болмауы тиіс жағдай. Үлескерлерге мемлекеттің қорғауы қажет еді, алайда олар керісінше, күресте жалғыз қалды.

Жасырын аудиожазбалар мен сотта дәлелдер

Антикоррупциялық қызмет Кадесов пен Давлетовтің арасындағы әңгімелерді жазып алған. Бұл әңгімелерде олардың пара алғандарын, оның қандай мақсатта жұмсалатынын ашық талқылағаны жазылған. Кадесов Асановқа берген уәдесін толық орындамағанымен, аванс төлемін жүргізді – 1,6 миллиард теңге аударылды. Алайда жоба құжаттарын түзету уәдесі орындалмады. Кадесов жұмыстан кеткен соң да Асанов оған қайта-қайта хабарласып, мәселені шешуді сұраған, бірақ нәтижесіз болды.

Сот шешімі және мүлік тәркілеу

2024 жылы сот Кадесовке қатысты 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сонымен қатар, оның атына немесе туыстарының атына тіркелген қымбат көліктер: Lexus LX570, Land Rover Defender, Kia Carnival тәркіленді. Прокурорлардың айтуынша, оның жалақысы бұл көліктерді алуға мүмкіндік бермейтін. Демек, бұл мүлік – параның нәтижесінде алынған. Делдал Олжас Давлетов 6 айға сотталды.

Мәселені шешу жолдары

Мұндай жағдайлар қайталанбауы үшін келесі шаралар қажет:

  1. Квазимемлекеттік ұйымдардағы бақылауды күшейту;
  2. Мемлекеттік сатып алу және құрылыс саласындағы ашықтықты арттыру;
  3. Үлескерлер құқығын қорғайтын арнайы заң қабылдау;
  4. Әкімдік тарапынан дер кезінде араласу жүйесін енгізу;
  5. Қоғамдық бақылау мен журналистік зерттеулерге мүмкіндік беру.

"Елорда Құрылыс Компаниясы" оқиғасы – ел астанасындағы ең ірі жемқорлық схемалардың бірі. Бұл тек бір компанияның емес, тұтас жүйенің күйреуін көрсетті. Мемлекеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуы, әкімдіктің әрекетсіздігі және халықтың алданып қалуы – бұл жағдайдан тиісті қорытынды шығару қажет. Әйтпесе, осындай қайғылы оқиғалар қайталана береді.

Қоғамдық резонанс және БАҚ реакциясы

"ЕҚК" ісі тек қана сот залында емес, қоғамда да үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде үлескерлердің жанайқайы мен ашық үндеулері жиі жарияланып отырды. Facebook, Instagram, Telegram сияқты платформаларда тұрғындар бірігіп, өз мәселелерін көтеруге тырысты. Әсіресе "Шығыс" тұрғын үй кешендеріндегі үлескерлер әкімдікке, БАҚ-қа, тіпті Президент әкімшілігіне дейін үндеу жасады.

Құқықтық баға және әкімнің жауапкершілігі

Жеңіс Қасымбектің "мемлекет пәтер сатып алуға міндетті емес" деген сөзі көпшілік арасында ашу тудырды. Бұл пікір әкімнің әлеуметтік жауапкершілікке деген көзқарасын аңғартады. Алайда әкімдік өзі құрған компанияның әрекетін бақылауға, оның қызметіне араласуға міндетті еді. ҚР заңдарына сәйкес, квазимемлекеттік ұйымдардың қызметі мемлекеттік бақылауға жатады. Оның үстіне, "ЕҚК" қала әкімдігінің құрылтайымен жұмыс істеген.

Әкімнің үнсіздігі мен кеш қабылдаған шешімдері оның саяси және әкімшілік жауапкершілігіне қатысты сұрақтар туғызады. Жергілікті билік халық алдындағы сенімді қалпына келтіру үшін тек компанияны жабу емес, жауаптыларды ашық атау және жүйені қайта қарастыруыға тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 62
Күлкілі 5
Ашулы 135

Серіктес жаңалықтары