Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болған.
Осыдан 142 жыл бұрын (1883-1939) Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина салалары бойынша студент-шәкірттерге арнап алғаш қазақша оқулық жазған әмбебап ғалым, дәрігер, фольклоршы, педагог, тілші Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін, Петербург әскери-медициналық академиясын бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды.
1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік — сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер — халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан республикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан.
«Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т. б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі — сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сияқты, т. б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай — Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып, ол толығымен ақталды. Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кентінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.