“Мен Алматыда дүниеге келдім".
Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров “шығу тегі ресейлік” деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2024 жылдың соңында Гран-при кезеңіндегі сәтті өнерінен кейін кейбір басылымдар оны ресейлік спортшы деп атаған. Сондай-ақ Миланда Олимпиада алтынын жеңіп алғаннан кейін де осындай ақпараттар тараған.
Өткен жылдың қаңтар айында Sport+ арнасындағы “Тікелей әңгіме” бағдарламасында Шайдоров мұндай әңгімелерді өзіне жасалған құрметсіздік деп санайтынын айтқан.
“Мен Алматыда дүниеге келдім. Сонда өстім және қазір де сол қалада тұрамын. Уақытымның басым бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Маған көп уақытын бөліп, жетекшілік етіп жүрген Алексей Урмановтың қол астында жаттығу жасау мүмкіндігі барына қуаныштымын. Алайда мәнерлеп сырғанауды мен “Рамстор” сауда орталығындағы мұз айдынында бастадым. Сол жерде көптеген спортшы, соның ішінде Денис Тен де жаттыққан. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы мұз айдындарының бірі еді. Ресейде де көп уақыт болып, оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Бірақ соңғы уақытта қиындықтар туып, қазір көбіне Алматыда жаттығып жүрмін. Мені ресейлік спортшы деп атап жүргендерді де көрдім.Алайда мұны маған деген құрметсіздік деп есептеймін”, – деді Михаил.