Сәрсенбі күні Үндістан Пәкістан мен Кашмирге соққы берді.
Екі ел арасындағы шиеленіс өткен айда үндістандық Кашмирде туристерге шабуыл жасалғаннан кейін күшейіп тұр. Пәкістан бүгінгі шабуылды "айқын соғыс актісі" деп атады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Синдур" операциясы деген не?
Үндістан "Синдур" операциясы аясында Пәкістанда "террорлық инфрақұрылым" саналатын 9 нысанға соққы бергенін хабарлады. "Синдур" некедегі үнді әйелдері жағатын қызыл бояуды білдіреді. Айта кетсек, 22 сәуірдегі шабуылдан 26 ер адам өліп, олардың әйелдері жесір қалды. "Синдур" солар үшін кек қайтаруды білдіруі мүмкін. Исламабад болса, Пәкістанның 6 жері нысанаға алынғанын және әртүрлі қарулардан барлығы 24 соққы жасалғанын мәлімдеп отыр.
Құрбандар туралы не білеміз?
Пәкістанның дерегінше, зымырандық шабуылдан 26 адам қаза тауып, 46-сы жараланған, екеуі із-түзсіз жоғалып кетті. Үндістанның хабарлауынша, Пәкістан әскерлерінің Кашмирдегі шекараны атқылауынан 10 бейбіт тұрғын мерт болып, 48-і ауруханаға түскен.
Үндістанның шабуылынан кейін не болды?
Екі армия Кашмирдегі іс жүзіндегі шекара бойында бір-біріне қарқынды оқ жаудырды. Пәкістан армиясының өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, пәкістандық әскерилер Үндістан әуе кеңістігінде 5 үнді ұшағын атып түсірген. Үндістан бұл ақпаратты растаған жоқ.
Әуе кеңістігіне әсері қандай?
Үндістан бірнеше әуежайды жауып, Indigo және Spicejet авиакомпаниялары рейстерді тоқтатты. Ал Air India екі халықаралық сапарын Амритсардан Нью-Делиге бағыттаған. Qatar Airways Пәкістанға рейстерді уақытша доғарды. "Пәкістан халықаралық әуе жолдарының" хабарлауынша, оның рейстері Карачиге жөнелтіліп, ал жердегі ұшақтары аспанға көтерілмеді.
Бейбіт халыққа әсер етті ме?
Пәкістанның Пенджаб провинциясында төтенше жағдай жарияланып, ауруханалар мен қауіпсіздік күштері жоғары дайындыққа көшірілді. Пәкістандық Кашмирдің астанасы Музаффарабад жарылыстардан кейін біраз уақытқа электр қуатын жоғалтты. Сонымен қатар, бүгін Үндістанның Джамму-Кашмир штатының көп бөлігінде мектептер жабылған.
Әлі бір соғысты тоқтатып үлгермеген Трамп енді Үндістан мен Пәкістанның арасына түспек. Дональд Трамп мұндай ойы бар екенін Ақ үйде журналистермен сұхбатында растаған.
Америкалық көшбасшы Нью-Дели мен Исламабад арасындағы байланыстың күрт өршуіне алаңдаушылық білдіріп отыр. "Қолымнан келсе, тоқтатуға дайынмын" деген пікірін де айтты.
– Мен олардың тоқтағанын қалаймын. Олар тоқтай алады деп үміттенейік. Соған сенеміз. Егер мен көмектесу үшін бірдеңе істей алсам, сонда боламын, – деді ол.
Трамп Үндістанды да, Пәкістанды да жақсы білетінін, қос елмен де қарым-қатынасы жаман емес екенін жеткізді.
– Бұл қорқынышты. Мен екеуімен де (елдермен) тіл табысамын. Мен екі елді де жақсы білемін және олардың осы мәселені шешкенін қалаймын, – деп атап өтті АҚШ президенті.
Айта кетейік, бұған дейін Үндістанның Пәкістанға шабуыл жасағанын жазған едік. Қос ел арасындағы шиеленіс өткен айда үндістандық Кашмирде туристерге шабуыл жасалғаннан соң өрши түсті. Пәкістан соңғы шабуылды "айқын соғыс актісі" деп атап отыр.