Оның құны техникалық-экономикалық негіздеме негізінде белгілі болады.
Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев алғашқы АЭС-тың құны қандай болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Құны техникалық-экономикалық негіздеме негізінде белгілі болады. Бүгінгі таңда бізде конкурс рәсімдеріне қатысқан вендорлар ұсынған индикативті параметрлер бар. Бірақ та, қазір бұл мәліметтерді жария ете алмаймыз, себебі бұл процеске қатысушылармен жасалған құпиялық туралы келісімдермен қорғалған. Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, осындай деңгейдегі станцияның құны кем дегенде шамамен 14 миллиард доллар тұрады», – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Сондай-ақ, ол екінші АЭС-ті Қытай салады деп айтылған ақпаратқа түсініктеме берді.
- АЭС салумен байланысты әрбір жоба өзінше бірегей. Бәрінің құзыреті, байыпты тәжірибесі бар. «Росатомды» бірінші жобаға таңдап алуымыздың өзіне құрылыстың мерзімі бойынша ұсынған нұсқасымен байланысты болды. Қытай тарабымен келіссөз өткеннен кейін ғана екінші АЭС құрылысы туралы айтуға болатын шығар, - деді агенттік төрағасы.