$ 520.93  609.07  6.68

Қазақстанда балгерлер мен экстрасенстер жылына үш миллиард теңге табады

Бұл — ресми тіркелген «сиқырлы қызмет» өкілдерінің ғана кірісі.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстанда балгерлер, экстрасенстер мен астрологтар бір жылда үш миллиард теңгеге жуық табыс тапқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл — ресми тіркелген «сиқырлы қызмет» өкілдерінің ғана кірісі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, «басқа да жеке қызметтер» санатында тіркелген балгерлер мен экстрасенстер 2024 жылы халыққа 2,9 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Бұл көрсеткішке көлеңкелі нарық, яғни тіркелмей, салық төлемей жұмыс істейтіндер кірмейді.

Олардың да саны аз емес екені түсінікті. Соңғы екі жылда қазақстандықтардың магиялық қызметтерге сұранысы күрт өскен.

2022 жылы балгерлердің нарығы небәрі 50 миллион теңгеге бағаланса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 5800 пайызға артқан.

Бұрын олардың негізгі клиенттері ауыл тұрғындары болса, қазір табыстың басым бөлігі қалалардан түсіп отыр. Балгерлерге қызығушылық белгілі іс-шарадан кейін қайта күшейді.

Қоғамды дүр сілкіндірген Салтанат Нүкенованың өлімі мен Қанат Бишімбаев ісі «көріпкелдерге» соқыр сенімнің қаншалықты қауіпті болатынын көрсетті. Редакциямыз жүргізген шағын зерттеу кезінде судьялар, прокурорлар мен шенеуніктердің өзі де балгерлердің табалдырығын аттайтыны анықталды.

Айта кетейік, көршілес Қырғызстанда жуырда магиялық қызметтерге қатысты жарнамаға заңмен тыйым салу мәселесі көтерілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары