16.07.2025, 13:00

Перизат Қайрат ісі: Ата-аналар қорға аударған ақшасын қайтарып алғысы келеді

Фото: желіден алынды

Олар бұл қаражатты ауыр науқастанып қалған сынып жетекшісінің еміне жұмсауды жоспарлап отыр.

Перизат Қайратқа қатысты сот процесі аясында Астана қаласындағы ФМН бағытындағы НЗМ-нің мүддесін қорғаған Сауле Қуандықова жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол сондай-ақ мектептің ата-аналар комитетінің өкілі екенін айтты. Қуандықованың айтуынша, 2024 жылғы 15 сәуірде ата-аналар комитеті атынан Biz Birgemiz KZ қорына 901 955 теңге аударылған.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қорды таңдауларына оның кеңінен танылғаны және әлеуметтік желілердегі белсенділігі себеп болған.

"Біз Instagram-да жарнамаларын жиі көрдік, қордың басқа да қайырымдылық жобаларымен және Перизат Қайраттың қызметімен таныс болатынбыз", - деді ол.

Сондай-ақ Қуандықова мектеп ұжымы қайырымдылық бастамаларға жиі қатысып, оқушылардың бойына патриоттық сезім дарытуға тырысатынын атап өтті:

"Біздің ФМН әрдайым әлеуметтік белсенді болуға ұмтылады, балалардың патриот болып өсуін қалаймыз", - деді ол.

Алайда қазір ата-аналар комитетінің өкілдері аударылған қаражатты қайтарғысы келіп отыр. Олар бұл қаражатты ауыр науқастанып қалған сынып жетекшісінің еміне жұмсауды жоспарлап отыр.