Temirtau Run 2025 – бұл тек спорттық шара ғана емес, елдің металлургиялық қуатын жасайтын еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі.
Теміртауда металлургтер күніне орай ұйымдастырылған Temirtau Run 2025 кешкі жүгіруі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жүздеген қатысушы – Qarmet, Allur компанияларының қызметкерлері, жүгіру клубтарының мүшелері, қала тұрғындары мен қонақтары – спорт, мереке және бірлік атмосферасында таңдаған қашықтықтарын бағындыру үшін жарысқа шықты. Әркім өз дайындық деңгейіне қарай қашықтықты таңдай алды: 2,5 шақырымдық символикалық жүгіруден бастап, 10 шақырымдық күрделі сынаққа дейін.
Жарыс бағыты мұқият жоспарланды: трасса стадионның айналасымен өтті, ал старт пен мәре қаладағы Тарихи-мәдени орталықтың артындағы концерттік сахна маңында орналасты. Ұйымдастырушылар жаңадан бастаушылар мен тәжірибелі жүгірушілерге бірдей қолайлы жағдай жасауды көздеді. Жарыстың дәл уақытын тіркеу үшін кәсіби MyLaps жабдығы қолданылды.
Іс-шара 18:00-де тіркеу мен старттық пакеттерді таратудан басталды. Әрбір қатысушыға жеке нөмір мен чип, забег логотипі бар фирмалық футболка табысталды. Мәре сызығында жүгірушілерді естелік медальдар, жемістер мен су күтіп тұрды. Жүгіру 19:00-де басталды.
Кейбір қатысушылар жарысқа ерекше көңіл-күймен келді – трассада костюм киген жүгірушілер де көзге түсті. Әсіресе Qarmet компаниясының қызметкері, жарыстың бастамашысы Алексей Сидоренконың сталевар костюмінде жүгіргені көпшіліктің назарын аударды.