$ 541.45  631.17  6.78

Алматы қаласының даму жоспары: басты бағыттар мен алғашқы нәтижелер

Жаңа жоспардың негізі — полиорталықты даму.

Фото: welcome.kz
Фото: welcome.kz

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары 2023 жылдың мамырында бекітілді. Ол «Алматыны дамыту бағдарламасы 2025 жылға дейін және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективамен» құжатына негізделген. Қос бағдарлама да тұрғынға бағытталған дамуды көздейді: жайлы қала ортасын құру, өмір сапасын арттыру және тұрақты өсімді қамтамасыз ету, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жаңа жоспардың негізі — полиорталықты даму. Қалада бес жаңа шағын орталық (орталық, солтүстік, батыс, оңтүстік-батыс және шығыс бағытта) қалыптасады. Сонымен қатар «бақша-қала» тұжырымдамасы қайта жаңғыртылып, жасыл желек пен серуен аймақтарын көбейтуге басымдық беріледі. Өйткені қала күн санап өсіп келе жатыр. Сол себепті бірқатар нысандар мен саябақтар қайта жаңғыртуды талап етеді.

Басты бағыттар

Көлік пен инфрақұрылым шаһардағы маңызды мәселенің бірі. Өйткені қала халқынан бөлек турситердің өзі қалада қоғамдық көліктерді жиі пайдаланады. Қаланың көлік жүйесіне арналған мастер-жоспар 2030 жылға дейін есептелген. Онда қоғамдық көлік – әсіресе метро, LRT (жеңіл рельсті көлік), BRT (жылдам автобус бағыттары) – басты рөлде. Момышұлы мен Райымбек даңғылдары арасындағы LRT желісі 2027 жылға дейін салынады деп жоспарланған. Қаланың шеткі бөліктерінде ірі көлік хабтары (ТПУ) құрылуда: «Барлық», «Шығыс» және «Солтүстік» бағыттарында.

Экология және абаттандыру

2023–24 жылдары Алматыда 1 миллионнан астам ағаш пен бұта отырғызылды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 2,5 миллионға жеткізу жоспарланған. Президент резиденциясының орнында жаңа сквер салу, Баум тоғайын қалпына келтіру, Малая Алматинка өзенінің бойын жаңарту секілді ірі жобалар қолға алынды. Гагарин бульвары мен «Терренкур» аймағы толық жаңартылып, жарықтандыру, жүгіру жолдары, демалыс орындары орнатылды.

Цифрландыру

Алматы «Smart City» қағидасы бойынша дамуда. Айта кетейік, өткен жылдың соңында Almaty City App мобильді қосымшасы іске қосыады. Онда тұрғындар мемлекеттік қызметтерді, қоғамдық бақылау жүйесін, туристік бағыттарды бір жерден таба алады. Қала «сандық егізін» жасау үстінде – бұл инфрақұрылымды цифрлы түрде басқаруға мүмкіндік береді.

Қала келбеті

Жаңа Бас жоспарға сай, бес шағын орталық архитектуралық бірлік пен жайлылықты сақтай отырып дамытылады. 2023 жылы Алматыда дизайн-код бекітілді — бұл ғимараттардың қасбеті мен жарнама құрылымдарының бірыңғай стилін реттейтін ереже. Қала құрылысы кеңесі жұмысын жандандырып, ұсынылған жобалардың жартысынан астамы қайта қаралып, жақсартуға жіберілуде.

Алғашқы нәтижелер және болашақ жоспарлар

Бүгінде Алматыда көлік, әлеуметтік және жасыл инфрақұрылым қарқынды жаңартылып жатыр. Медеу ауданында биыл 43 км жол жөнделіп, үш жаңа мектептің құрылысы басталды. Қалаға іргелес орналасқан Қонаев және басқа елдімекендер агломерациялық жоспарға сай дамып келеді.

2024–2025 жылдары Алматыда ондаған жаңа саябақ, фонтан, қоғамдық кеңістік ашу көзделіп отыр. Қаланың жаңа тынысы – экология, қолжетімді көлік және заманауи технологиялар ұштасқан орта қалыптастыру.

Қорыта айтқанда, «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспектива» әзірлеу барысында ауқымды жұмыс атқарылды. Қолданыстағы стратегиялық жоспарлар зерттеліп, қаланың барлық салаларындағы жағдай талданды, тұрғындардан мыңдаған ұсыныс пен өтініш қабылданды. Нәтижесінде Алматы қаласы әкімдігі мен тартылған сарапшылар Даму бағдарламасының басты мақсатын айқындады – ол барлық аудан тұрғындары үшін жайлы қалалық орта құру және өмір сүру сапасын арттыру.

Бұл құжат – Алматыны дамытудың басты бағытын айқындайтын стратегиялық бағдарлама. Онда әлемнің озық қалаларының тәжірибесі мен әдістері ескеріліп, мегаполисті үйлесімді дамыту, агломерациямен тиімді байланыс орнату, қала тұрғындары мен қонақтары үшін өмір сүруге, жұмыс істеуге және демалуға қолайлы жағдай жасау көзделген.

Бағдарлама – қала болашағына кәсіби сарапшылардың пікірі мен тұрғындардың ұсыныстары негізінде жасалған қысқа және орта мерзімді даму жоспары.

Даму бағдарламасын әзірлеуге бес ай бойы Алматы әкімдігінің, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен түрлі сала бойынша тәжірибелі 130-дан астам сарапшы қатысты.

Бағдарламаның негізгі басымдықтары биыл шілде айында ашық қоғамдық талқылаудан өтті. Қала тұрғындары тарапынан 1280 пікір мен ұсыныс келіп түсті, ал жалпы халықтың 63%-ы бұл бағыттарды қолдады.

Бағдарлама Алматы әкімдігінің адамға бағдарланған даму қағидатына адалдығын көрсетеді. Мұнда кез келген бастама қала тұрғындарының, қоғамдық топтар мен қауымдастықтардың өміріне қалай әсер ететіні тұрғысынан бағаланады және азаматтардың қала басқару процестеріне белсенді қатысуына жол ашылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары