LRT жобасы толық автоматтандырылған болады, жүргізушілер отырмайды.
Астанада 14 жылдан бері аяқталмай келе жатқан жеңіл рельсті транспорт (LRT) жобасы биыл алғаш рет сынақтан өтпек. Қала әкімінің мәліметінше, алғашқы құрам қыркүйекте тест режимінде жолға шығады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бұл туралы мәлімдемесінде:
«Қыркүйекте сынақ режимінде алғашқы құрамды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сынақ қорытындысы бойынша нақты қашан іске қосылатыны анық болады. Әдетте тест кезеңі үш айдан алты айға дейін созылады», – деді.
LRT жобасы толық автоматтандырылған болады, жүргізушілер отырмайды. Сағатына 80 км жылдамдықпен жүретін көлік бір уақытта 600 жолаушыны тасымалдай алады. Жолақысы алдын ала 200 теңгеге дейін деп қарастырылған, бірақ нақты тариф жыл соңында бекітіледі.
CTS компаниясының дерегінше, LRT әуежайдан басталып, сол жағалаудағы жаңа әкімшілік аудандар арқылы өтіп, 18 аялдамаға тоқтайды. Құрылыстың дайындық деңгейі мен депо жұмысы туралы қосымша ақпарат кейін жарияланады.
Еске салайық, LRT идеясы алғаш 14 жыл бұрын ұсынылған. Жобалау мен құрылыс кезінде миллиардтаған қаржы ұрланып, жоба жұрт арасында «жемқорлыққа қойылған ескерткіш» атанған еді. Нәтижесінде нақты құрылысы 2017 жылы басталған.
Егер сынақ сәтті өтсе, астаналықтар LRT-ның қызметін 2026 жылдан бастап пайдалана алады.