Дәрігерлер де, дін өкілдері де бұл әрекеттің қауіпті екенін ашық айтып отыр.
Шығыс Қазақстанда әлі күнге дейін маралдың қанын ішіп емделу дәстүрі сақталған. Кейбір адамдар оны күш-қуат береді, түрлі ауруға шипа болады деп сеніп тұтынады. Бірақ дәрігерлер де, дін өкілдері де бұл әрекеттің қауіпті екенін ашық айтып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. Құранда қан ішуге қатаң тыйым салынған. Дін мамандарының сөзінше, кез келген жануардың ағып тұрған қанын ішу – харам амалға жатады. Сондықтан маралдың қанына да рұқсат жоқ. «Етін шариғат жолымен сойса жеуге болады, бірақ қанын ішуге болмайды» – дейді дін өкілдері. Дәрігерлер де алаңдаулы. Олар марал қанының ешқандай ғылыми тұрғыдан дәлелденген пайдасы жоқ екенін айтады. Керісінше, ол арқылы адамға қауіпті инфекциялар жұғуы мүмкін. Бруцеллез сияқты ауыр бактериялар қан арқылы тарайды. Тіпті иммундық жүйеге қатты соққы беріп, аса ауыр ауруларға әкелуі ықтимал. Бір дәрігер мысал келтірді: «Пациентім маралдың қанын ішкенін айтты. Кейін оған сирек кездесетін аутоиммундық ауру – Гийен–Барре синдромы диагнозы қойылды. Бұл науқастың иммунитетін қатты әлсіретіп, мүгедектікке дейін апарды». Халық арасында «марал қаны ем болады» деген сенім кең таралғанымен, мамандар оны мүлде жоққа шығарады. «Қазақтар кейде кез келген ырымға сенеді, бірақ дер кезінде дәрігерге барғысы келмейді» – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі. Мұндай даудың тағы бір қыры – моральдық тұрғы. Әлеуметтік желіде жұрт маралды тірідей қансыратып, қаны сорғалап жатқан видеоларға ашынып жатыр. «Адамдар өз денсаулығын ойлап, жануарды азаптауды қойсын» деген пікірлер көбейіп кетті.