$ 533.87  621.64  6.64

Алматыда алғаш рет жүрекке Farapulse Ablation технологиясымен бірегей ота жасалды

Ота институттың интервенциялық аритмологтары мен Хорватияның Загреб қаласындағы университеттік клиникасының жетекші маманы Ведран Велагичтің қатысуымен жүргізілді.

Фото: дереккөз
Фото: дереккөз

26-27 тамыз күндері еліміздің оңтүстік аймағында алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында Farapulse Ablation атты жаңа технологияны қолдана отырып, бірегей жүрекке ота жасалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұл оқиға аритмияны емдеуде жаңа дәуірдің басталғанын білдіріп, Алматының инновациялық медицинаның орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады. Сондай-ақ ол еліміздегі жоғары технологиялық медицинаның дамуына маңызды қадам болып, Қазақстанның заманауи әрі қауіпсіз емдеу әдістерін енгізуге толық дайын екенін дәлелдейді.

Ота институттың интервенциялық аритмологтары мен Хорватияның Загреб қаласындағы университеттік клиникасының жетекші маманы Ведран Велагичтің қатысуымен жүргізілді.

«Алматыда Farapulse Ablation технологиясын қолдана отырып жасалған ота – нағыз серпіліс. Бұл біздің дәрігерлерге әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелерді пайдалануға, емдеудің сапасын арттыруға және аритмиядан зардап шегіп жүрген науқастарға үміт сыйлауға мүмкіндік береді», – деді басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев.

Клиниканың аритмология қызметінің аға ординаторы Асылхан Паримбековтың айтуынша, Farapulse Ablation – жүрек ырғағының ең жиі кездесетін бұзылыстарының бірі – жүрекшелердің фибрилляциясын емдеудің төңкерістік әдісі. Дәстүрлі радиожиіліктік немесе криоабляция әдістерінен ерекшелігі – бұл технология қысқа әрі қуатты электр импульстарын пайдаланады.

«Бұл импульстар асқан дәлдікпен тек аритмия туғызатын зақымданған жасушаларды жояды. Ал айналадағы тіндер, соның ішінде жүйке талшықтары мен өңеш зақымданбайды. Мұндай тәсіл операцияны анағұрлым қауіпсіз, жылдам әрі тиімді етеді, ота уақыты қысқарып, науқастардың қалпына келу мерзімі жылдамдайды», – деп атап өтті дәрігер.

Жүрекшелердің фибрилляциясы немесе мерцательді аритмия – жүрекшелердің тез әрі ретсіз жиырылуымен сипатталатын ең кең таралған аурулардың бірі. Оның ең қауіпті салдары – инсультке әкелетін қан ұйындысының түзілуі.

Аурудың таралу жиілігі жас ұлғайған сайын артады: кейбір деректер бойынша 50 жаста – шамамен 1%, 65 жаста – 6%-ға дейін, ал 80 жаста – 6-15%-ға дейін жетеді. Бұл инсульт қаупін 4 есеге, ал кенеттен болатын өлім қаупін 2 есеге дейін арттырады.

Алғашқы науқастардың бірі – 56 жастағы әйел. Ол пароксизмалды жүрекшелердің фибрилляциясымен (тахи-бради түрі), ауыр гипертониямен және аса жоғары асқыну қаупімен клиникаға түскен. Оны 2-3 сағатқа созылатын жүрек соғысының жиілеуі мен ырғақсыздығы, жалпы әлсіздік, сондай-ақ 2-қабатқа көтерілгенде ентігу мазалаған.

Екінші науқас – 68 жастағы ер адам. Диагнозы: пароксизмалды жүрекшелердің фибрилляциясы, тахисистолалық түрі. Қосымша диагноздары: жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия, 2022 жылы болған миокард инфаркті, артериялық гипертония, шығарылу фракциясы небәрі 34% болатын созылмалы жүрек жеткіліксіздігі. Соңғы 3 жыл ішінде оған стент қойылып, маммарокоронарлық және аортокоронарлық шунттау жасалған, кардиовертер-дефибриллятор имплантталған. Оның да шағымдары ұқсас болды.

Алдағы екі күн ішінде барлығы 10 ота жасау жоспарланып отыр. Барлық операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жүргізіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары