Жағдай тек жеке тұрғындарға емес, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы кәсіпкерлерге де қатысты.
Бурабайда жер дауы үлкен жанжалға ұласуда. Алдағы күндері халық наразылығы митингке шығумен жалғасуы ықтимал. Бұл туралы Бурабай ауданы әкімдігіне ресми өтініш түсіп қойған. Наразылардың басты талабы – мемлекет басшысы мен үкіметтің назарын прокуратура мен жер ресурстарын басқару департаментінің әрекеттеріне аударту. Олар 20 жылдан астам уақыт бұрын заңды түрде берілген жерлерді қайтарып алмақ, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Халықтың уайымы
Щучинск тұрғыны, жиын ұйымдастырушысы Сергей Бауэр өзінің жағдайын мысалға келтірді:
«Менің екі жерім бар, біреуі мұрагерлікпен қалған. Өткен жылы жер комитетінің басшысы болып келген әйел: “Бұл жерді мемлекетке өз еркіңмен бер. Әйтпесе, сот арқылы аламыз” деді. Кейін оның қызметкерлері біздің және көршілердің учаскелерін өлшеп кетті. Бізде мемлекеттік органдар берген ресми құжаттар бар. Енді келіп, бәрімізді жерімізден айырмақшы», – дейді ол.
Жағдай тек жеке тұрғындарға емес, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы кәсіпкерлерге де қатысты. Барлығының қолындағы құжаттар заңды түрде рәсімделген.
Соттағы күмәнді істер
Прокуратураның былтырғы тексеруі кезінде жерлердің бір бөлігі «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында деп танылған. Содан бері алғашқы сот процестері басталып кеткен.
Алайда заңгер Сапар Қусаинов бұл істердің заңсыздығына назар аударады:
«Жер кодексінің 148-бабы бойынша жер ресурстарын басқару департаментінің мұндай талап қоюға құқығы жоқ. Олар акимат пен азаматтар арасындағы мәмілелерді жоюды сұрап отыр. Бұл – заңға қайшы. Бірақ соттар бұған көз жұма қарап отыр. Әкімшілік сотқа барғысы келмейді, себебі барлық мерзімдер өтіп кеткен. Оның үстіне, АППК бойынша халықты мемлекеттік органдардың қателігі үшін жазалауға болмайды», – дейді ол.
Қусаиновтың айтуынша, тек Бурабайдың өзінде 1,3 мыңға жуық жер иесі бар. Бұған қоса, Светлый, Зеленый Бор сияқты ауылдардың да тұрғындары қауіп алдында тұр.
Үміт пен сенімнің күйреуі
Бауэрдің сөзінше, биыл ақпанда халық әкімдікке барып, мәселеге түсінік сұраған.
«Әкім де, прокурор да, жер комитетінің өкілдері де бізге: “Ешкімді мазаламайды, уайымдамаңдар” деді. Біз сендік. Бірақ бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Енді митингтен бас тартпаймыз. Чиновниктер ашық түсіндірсін: қалайша 20 жылдан астам уақыт заңды пайдаланған жерімізден бір күнде айырылуымыз мүмкін?» – дейді ол.